Президенттің тапсырмасына сай, қазір жастарға барынша қолдау көрсетіліп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатыр. Мәселен, Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы мемлекеттік қызметкерлердің 60 пайызы - жастар. Осы уақытқа дейін өңірде 150 маман баспаналы болған. Ал биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында жұмыс істеп жатқан 15 маманның тұрғын үй алуына несие берілген. Тілші бейнематериалы.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасына сәйкес, елді мекенде еңбек етіп жүргендердің бірі - Сайра Асанова. Ол - аудандық ауруханада терапия бөлімінің меңгерушісі. Жас дәрігердің сөзінше, шалғай ауылдардағы ауруханаларда білікті мамандар аз. Сондықтан ол 2017 жылы жоғары оқу орнын дәрігер-терапевт мамандығы бойынша тәмамдап, көп ойланбастан құжат тапсырып, жұмысқа қабылданған.
Сайра Асанова, дәрігер-терапевт:
Кейбір мамандар жеткіліксіз. Олар да Құдай қаласа келіп тұрады дейміз ауылға.
Қайда өстің, сол жерде өз қызметіңді көрсетіп, сол ауылда өсіп, ауылда білім алған соң, ата-ана еңбегін ақтап, ата-апаларға көмектесіп, осы жерде қызмет істейік дейміз.
Ал Талант Санатұлы 4 жылдан бері осы ауданның әкімдігінде түрлі қызметтер атқарған. Бала күнінен туған жеріме пайдамды тигізсем деп алдына мақсат қойған ол қазір баспасөз саласында жұмыс істейді. Оның айтуынша, мұнда алғаш қызметке келгендерге ерекше көңіл бөлінеді. Әр маманға жеке тәлімгер тағайындалып, ортаға тез үйренуіне мүмкіндік береді.
Талант Ахметов, аудан әкімінің баспасөз хатшысы:
Жер алуы мүмкін. Үй алуы мүмкін. Негізгі мақсатымыз ауданның, осы жердің азаматы болғаннан кейін осында туып өскеннен кейін, осы ауданның гүлденуіне бір үлесімізді қоссақ деген ойдамыз.
Қазір ауданда «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша әсіресе медицина, білім, ауыл шаруашылығы, мәдениет және спорт саласының дамуына үлес қоссам деп келген жастар көп. Оларға мемлекеттік қызметтен бөлек, жеке кәсібін ашуларына да жағдай жасалған.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ