Елордада СҚО мен Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада СҚО мен Ақмола облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті

21.10.2019

Оған бас шаһар басшысы мен өңір әкімдері келіп, халықпен тілдесті. Қос аймақ елордаға 1200 тоннадан астам өнім әкелді. Бастысы, тауарлардың бағасы нарықтағыдан айтарлықтай төмен. 

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жәрмеңкеге келгендердің санында есеп болмады. Өйткені 50-ден астам азық-түлік түрі нарықтағы бағадан 20 пайызға төмен сатылды. Сондай-ақ, экологиялық таза өнім болғандықтан, астаналықтар кезекке тұрудан да бас тартпады. 

Елордалықтардың арасында бұл өңірлердің сүт өнімдері жоғары сұранысқа ие. Отандық тауарларды 2 қала мен 17 аудандағы кәсіпорындар ұсынды. Қос аймақтан 700 тоннадан астам ет, 300 тонна - сүт және сүт өнімдері, 200 тонна көкөніс жеткізілді. Қала басшысы Алтай Көлгіновтің айтуынша, шаһардағы баға тұрақтылығын сақтап тұруда аталған жәрмеңке маңызды рөл атқарады.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:

Біз алғашқы жәрмеңкені елорда күніне орайластырып өткіздік. Содан кейін тұрақты негізде әр сенбі мен жексенбі ұйымдастырып келдік. Бүгін - жәрмеңке маусымының соңы. Алдағы уақытта осындай шараларды мерекелерде өткізбекпіз. Мәселен, 1 желтоқсан, 16 желтоқсан және жаңажылдық мерекелер уақытында. Басты мақсат - тұрғындарды бағасы қолжетімді азық-түлікпен қамту. 

Жалпы, биыл бас қалада 30 азық-түлік жәрмеңкесі өтіп, онда 7 мың тонна өнім ұсынылған. Бастысы, жәрмеңкеге келушілер үйлеріне тауар мен бірге көтеріңкі көңіл-күй әкетті. 

Фариза Мұсақызы

Хабарламаларға жазылу