Қырғызстан, Армения, ресейлік нөмірмен жүріп, жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер назарына! Бұдан былай шетелдік нөмір таққан көлік иелеріне де айыппұл салына бастайды. Бұл туралы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет хабарлады. Бұрын елімізде мұндай мүмкіндік болған жоқ. Себебі ереже бұзғандар Қазақстанда тіркелген көліктердің техникалық паспорты арқылы анықталған. Алайда елімізде көліктің қай елде тіркелгеніне қарамастан сақтандыру полисі міндеттелген. Сол себепті шетелдік нөмір белгілері бойынша көлік жүргізушісі кім екенін анықтау және айыппұл салу, енді сақтандыру полисі арқылы жүзеге асады. Бүгіннен бастап Елордада және Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласындағы фото және видео тіркеу осы бағыт бойынша жұмыс істейді. Айта кетейік, соңғы 3 жылда шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен болған жол апаты 2 есеге өскен.
Саламат ОМАШ