ІІ Дүниежүзілік соғыста хабар-ошарсыз кеткен тағы бір қазақ сарбазының мәйіті Қазақстанға жеткізілді. Қатардағы жауынгер Сүйінбай Мазыбаевтың сүйегін Ростов облысының Семилук ауданынан іздеушілер жасағы тауып берді. Іздестіре келе қаза тапқан батыр Алматы облысы, Ұйғыр ауданының Сүмбе ауылының тумасы болып шықты.
Іздеушілер отрядының өкілдері батырдың сүйегін өздері Мәскеуден ұшақпен алып келді. Мәйітті бірден Сүйінбай Мазыбаевтың туған ауылы Сүмбеге жеткізді. Елді мекенде батыр рухына құран бағышталып, қаралы митинг өтті. Іздеушілер майдангердің қалтасынан арнайы капсула тапқан. Ал капсула ішіндегі бір жапырақ қағазда жауынгердің аты-жөні, әскерге қай жерден шақырылғаны және туған жылы жазылып, сол арқылы сүйектің кімдікі екені анықталған.
Андрей Сколевой, «Патриот» іздеушілер жасағының мүшесі:
Көп жауынгерлер ол кезде ырымдап ол капсуланы өздерімен алып жүрмейді екен. Немесе ішіндегі қағазын алып тастайтын. Біздің бағымызға қарай бұл сарбаз олай жасамаған. Сондықтан туыстарын да табу оңай болды.
Сүйінбай Мазыбаевтың туыстарын Қазақстанда «Атамның аманаты» қоғамдық қоры табуға көмектескен. Бұл ұйым ІІ Дүниежүзілік соғыста қаза болып, хабарсыз кеткендерді іздеумен айналысады. Қор өкілі Әлия Сағынбаева қазақ жерінен майданға аттанған 2 млн-ға жуық жауынгердің 300 мыңға жуығы хабарсыз кеткенін айтады.
Жауынгер Сүйінбай Мазыбаев 1942 жылы хабарсыз кетті. Араға 77 жыл салып, батыр сүйегі қазақ топырағына жерленді. Сарбаздың отбасынан тағы екі бауыры да қан майданға аттанып, қаза болған.
Марс Нүкеев, майдангердің жиені:
Әспен апамыздың үйінен үшеуі де оралған жоқ. Үш боздақтың жолын күтіп, өмірден қайғымен өтті.
Ұрыс алаңында қаза болған әлі мыңдаған қазақ жауынгері хабар-ошарсыз. Ұрпақтар үмітін арқалаған іздеушілер ары қарай ісіне кірісті.
Қуаныш Қанатұлы