Жапония үкіметі Қазақстанның «Архив-2025» бағдарламасына техникалық және технологиялық көмек көрсетеді. Жоба Елбасының Токиоға сапары аясында таныстырылды. Мәдениет агенттігінің төрағасы Рехэй Миятаның айтуынша, бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Жапония үкіметі 330 мың доллар бөлген.
Қаржы Қазақстанның архелогиялық және құнды жәдігерлерін цифрландыруға жұмсалады. Жапонияның мәдени мұралар ұлттық институты Қазақстанның музей қызмекерлеріне мәліметтер базасын электронды көшірмелермен толықтыру бойынша оқытады. «Архив-2025» бағдарламасын ашу туралы идея Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған.
Рехэй Мията, Жапония мәдениет агенттігінің төрағасы:
Нара қаласында орналасқан ғылыми институтта 70 ғалым түрлі деңгейдегі зерттеулерді жүргізіп жатыр. Олар, әсіресе, археология, сәулет өнерінің тарихы, қоршаған орта сияқты негізгі бағыттарды қамтыған. Бүгінде біздің ғылыми орталықта жаһанның 6 мыңға жуық ғалымы тәжірибе алмасып жүр. Қазақстандық әріптестерімізбен де жұмыс істеуге дайынбыз.
Сондай-ақ, осы жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Цукуба университетінің құрметті докторы атанды. Білім ордасы - Жапония тарихында ерекше орын алатын іргелі ұжым. 1872 жылы ашылған университетте 3 бірдей Нобель сыйлығының иегері тәлім алған. Елбасына құрметті куәлікті білім ордасының ректоры Кесука Нагата табыс етті.