Мердігер компанияның кесірінен Түркістан облысындағы Береке ауылының берекесі кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мердігер компанияның кесірінен Түркістан облысындағы Береке ауылының берекесі кетті

23.10.2019

Мердігер құрылыс компаниясының кесірінен Түркістан облысындағы «Береке» ауылының берекесі кетті. Осыдан 4 жыл бұрын тартыла бастаған ауыз су құбырының құрылысы әлі біткен жоқ. Онан кейін іле-шала басталған газ желісі де сағызша созылып, аяқсыз қалды. Осы екі құрылысты да тендерде жеңіп алған «АСТ-Жетіген» компаниясының ешкімнің тісі батпайтын құдыреттілігі жұрттың жағасын ұстатып отыр. Жұмысын кешіктірген мердігерді қомақты айыппұл да айылын жидыра алмады. Тіпті тапсырыс беруші аудан әкімдігінің шағымына да соттың өзі селқос қарап отыр.

«Берекедегі» жұрт ауыл боп түтін түтеткелі суды алыстан тасып ішеді. Әр үй ауласына жақтауын бетондап, шұңқыр қаздырып алған. Су таситын техникалар көше аралап, тоннасын мың теңгеден құйып беріп кетеді.

 Мөлдір Қараева, ауыл тұрғыны:

Аптасына 2 рет құйдырамыз. Тамақ, ішетін суымыз да осы. Кір жуатынымыз да осы. Жаздыгүні судың іші құрттап та кетеді. Шыбын-шіркей, өрмекші де түсіп кетеді. Шаяндар да жүреді. Соларды қайнатып-қайнатып ішкіземіз балаларға.

  «Берекеге» ауыз су құбырын тарту 2016 жылы басталған. 270 миллион теңгеге ұңғыма қазылды. Су жинайтын мұнара тұрғызылды. Әр үйдің іргесіне дейін су жүретін пластикалық түтікшеге дейін тартылып қойған. Бірақ қаңсып тұр.

 Талғат Сұлтанбеков, ауыл тұрғыны:

 Құдықты қойған кезде жерден шамамен 15 сантиметр биікте болған. Қазір 30-40 см шөгіп кеткен. Аузында қақпағы да жоқ. Үйден арнайы ағаш темірлерді әкеліп, бетін жауып қойдым бала шаға, мал түспесін деп.

Табиғи газдың да жайы осы. Мемлекеттің 280 миллион теңгесі желге ұшқалы тұр. Жабдықтары қирап, бұйымдары шетінен қолды боп жатыр.

 Нұрымбет Әбеев, ауыл тұрғыны:

 Қай учаске бос, сол үйлердікін ұрлап кеткен. Нақты санын айта алмаймын. 37-40-қа жақыны ұрланған. Былтыр қыста 2 көшені бір түнде тазалап кетті. Қазір мұнымен қалай келеді. Түсінбеймін?

Кестеден кешіккен соң құрылысты аяқтау мерзімі берінеше рет шегерілді. Алғашында 2017 жылы бітеді деген іс 2018-ге, одан 2019 жылға сырғыды. Мердігерге бірнеше рет ескерту жасалып, айппұл да салынды.

 Марат Сейтімбет, Сарығаш ауданы әкімінің орынбасары:

 Жылына 2 рет сотқа береміз. Жосықсыз деп қара тізіміге енгізу туралы талап арыз береміз. Бірақ ол арыз неге екеінін қанағаттандырылмайды. Айыппұлмен шектеледі. Оның өзін де төлемейді.

Тірлікті жарытпаған «АСТ-Жетігеннің» бұған айтар өз уәжі бар. Бірақ онысын эфирде айтуға батылы жетпеді. Сөзінен ұққанымыз, тапсырыс беріші ақша аудармағандықтан, жұмысын әрі қарай жалғастыра алмай отырған көрінеді.

 «Жетіген» Сарыағашқа сор боп жабысты. «Берекедегі» былығы бітпей жатқанда құрылыс компаниясы биыл Сарыағаш ауданындағы тағы 7 көшенің құрылысын тендер арқылы жеңіп алған. Тағы да үйреншікті әдетіне басып, оны да мерзімінен кешіктіріп жатыр. Биылғы шілдеде аяқталуы тиіс жол құрылысы әлі бітпеген. Әкімдік тағы сотқа берді. Тағы нәтижесіз.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ


Хабарламаларға жазылу