Бұланды ауылының оқушылары орман шаруашылығының ғимаратында білім алуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бұланды ауылының оқушылары орман шаруашылығының ғимаратында білім алуда

23.10.2019

Ақмола облысындағы Бұланды ауылының оқушылары орман шаруашылығының ғимаратында білім алуда. Себебі биылғы оқу жылы басталарда, дәл 25 тамыз күні орта мектептің ғимараты апатты деп танылды. Амал жоқ, жергілікті билік мәселені уақытша шешіп, оқушыларды басқа жерге көшірді. Ал тұрғындар жаңа мектеп салуды сұрап отыр.

Ермек Елберген, тілші:

Мектептің іргетасы отырып, ғимараттың қабырғалары қисайған. Салдарынан, міне, терезелер сынып жатыр. Одан мектептің ішіндегі қабырғаларында мынадай жарықтар пайда болды. Төбесінің де сөгіліп жатқаны байқалады. Сондықтан бұл мектеп тамыз айында апатты деп танылып, содан бері жабық тұр.

Ғимарат 1989 жылы салынған. «Мектеп ылғалды жерде тұр. Іргетасының ұзаққа шыдамауының себебі осы», - дейді тұрғындар. Мектеп ауылдағы жалғыз әлеуметтік нысан. Барлық шаралар осы ғимаратта өтеді. Сондықтан ауылдың болашағы білім ордасымен тікелей байланысты.

Жанар Нұрмұханова, Бұланды ауылының тұрғыны:

Орта мектеп салып бергенін қалаймыз басшылардың. Балаларымыз бір жерде болып, жан-жаққа ыдырамау үшін енді бір мектеп салып беруді сұраймыз. Мектеп салынса, келеміз деп жатқан адамдар бар көп.

Қазір мектеп оқушылары орман шаруашылығының ғимаратында білім алып жатыр. Жергілікті атқамінерлер нысан балаларды оқыту үшін лайықты деп шешіпті.

Бикеш Смаилова, Бұланды орта мектебінің директоры:

Балаларымызға 8 бөлме беріп отыр, контордың бір жағын. Балалардың 2 ауысымда жұмыс істеткізіп жатырмыз. 2 ауысымда балаларға орын жетіп отыр. Өзімізге тар деп айта аламыз ғой. Өзіміз балаларды сыйыстырып жатырмыз. Балалар сабақтан қалмайды.

Қазір мектепте 60 оқушы бар. Көрші Қарағай ауылынан да балалар келіп оқиды. Олардың биылғы оқу жылын осы тар бөлмелерде аяқтауына тура келеді. Басқа амалдары жоқ.

Руслан Әбдікенов, Біржан Сал аудандық білім бөлімінің басшысы:

Қазір жобалық-сметалық құжат әзірлеуді қарастырып жатырмыз. Біз ғимараттың 2-інші, 3-інші қабаттарын бұзып, 1 қабатты мектеп жасаймыз деп ойлап отырмыз. Дегенмен барлығы жобалық- сметалық құжаттар дайын болғаннан кейін анықталады. Мамандардың пікіріне назар аударамыз.

Ата-аналарға балаларын жақын елді мекендегі мектепке тасып оқытуды ұсыныпты. Тұрғындар бас тартқан. Ал апатты мектептің мәселесі келесі жылы шешілмек.

Ермек ЕЛБЕРГЕН


Хабарламаларға жазылу