Оқулықта олқылық көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оқулықта олқылық көп

25.10.2019

Оқулықта олқылық көп. Техникалық, стильдік қате таусылар емес. Оны мұғалім де, ата-ана да айта-айта шаршаған. Білім және білім министрі де біледі, кітаптардағы кемшіліктерді өзі көрді, сынады. Нәтиже қандай? Мәселе қашан түбегейлі шешіледі?

Мағынасыз аударма, теріс шығарылған есеп, шұбалаңқы сөйлемдер мен мән-мағынасыз мәтін. Одан оқушы түгілі ұстаз бен ата-ана да мезі болды. Ардагер- ұстаз Жарықкүл апай әр қатені немерелеріне түсіндіріп әлекке түседі.

Жарықкүл Құрманбаева, зейнеткер:

Мінекей, қазақ әдебиеті Ахмет Байтұрсыновтың өмір баяны туралы жазылған. Ахмет Байтұрсыновтың мол мұрасы деген жерде де қате кеткен. Мүмкін бұл типографияның қатесі болар, ал көпшілікте білместік қате емес, кәдімгідей есептің мазмұнында қате кездеседі. Кейбір есептің сұрағында қате кездеседі. Болашаққа мен өте қатты алаңдаулымын.

Оқулықтағы олқылықтар сабақ процесінде де қиындық туғызады. Он бес жылдық тәжірибесі бар ұстаз Гүлжанар Омарова: «Әсіресе бастауыш сыныптарға арналған математика мен жаратылыстану пәндерінің тапсырмаларында жүйе жоқ»,- дейді.

Гүлжанар Омарова, бастауыш сынып мұғалімі:

Мысалы, бізге есеп берілді ме, бір амалмен шығаратын, екі амалмен шығаратын, қалдықты табуға берілген бірыңғай есеп болып кетсе. Теңдеу берілсе, оны әрі қарай күрделі теңдеуге, осылай кетсе жақсы болар еді. Бізде өйткені, 2-3-ақ сабақ өтеміз, әрі қарай заттың санына, құнына кетіп қаламыз. Балалар алдындағы материалдарды еске түсіруде қиындықтар болып жатады.

Бағдарлама баланың жасына, санасы мен ой-өрісіне сай жазылуы керек. Бірақ кейбір автор оны ойламайды. Соның кесірінен ненің не екенін ұқпаған оқушының басы қатады. Түсініксіз мәтінге, шырғалаң шығармаға шырмалады.

Анар Фазылжанова, филология ғылымдарының кандидаты:

Оқулық авторларын таңдаған кезде өте мұқият болу керек. Жасыратыны жоқ, қазір барлық салада жемқорлық деген бір ауру бар. Содан өте сақ болу керек. Оқулыққа жемқорлықты мүлде жолатуға болмайды. Ол сапасына қатты әсер етеді.

Оқулық бір емес, бірнеше сатылы сараптаудан өтеді. Сондықтан кеткен қатеге автор да, баспа да, сарапшылар мен комиссия да жауапты. Кінәні бір тараптан қарау қисынсыз. Оқулықтардың сапасын арттыру үшін жан-жақты, кешенді шара қажет.

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

Пәндік комиссия мүшелерінің білімін жетілдіруді қолға алғалы отырмыз. Онан кейін эксперттік жұмыстар жүргізетін мамандар. Шынымен де, оқулық жасау үлкен ғылым, сондықтан эксперттер де, авторлар да, бөлек оқытуды қажет етеді. Ал техникалық қателерге байланысты оқулықтар анықталса, оларға баспаларды жеткізіп беру бойынша біздің министрлік жұмыс атқарып жатыр.

Бұрын қате табылса, оқулық мемлекет есебінен қайта шығарылатын. Енді жауапкершілік баспаға жүктеледі. Талап күшейсе кемшілік азаяды, сапа жақсарады.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу