«Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдерді сөрелерге неге қойылмай отыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар өнімдерді сөрелерге неге қойылмай отыр?

26.10.2019

«Қазақстанда жасалған» азық-түлікті сөреге қой деп міндеттеу ақылға томпақ дүние дейді сарапшылар. Айтқанға құлақ аса қоятын кәсіпкерде қат қазір, құқықтарын жаттап, құжаттарын хаттап алған. Тұтынушылар құқығын қорғайтын ұйымның тізгінін ұстаған Тұрсын Жағыпарованың пікіріне назар салайықшы, «баға өсуінің тағы бір кілтипаны – кәсіпкерлердің өзінде. Орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатындар өздері қалаған бағаны қояды. Оған қоса оларға мемлекеттен тым көп жеңілдіктер жасалып кетті. Заң да әлсіз» дейді. Осындай сынға ұшыраған кәсіпкерлер қазір елді алдаудың тың тәсілін тапқан, «баға неге қымбат» десеңіз «бәрі шетелге экспортқа жіберілді» деп қойып қалады. Қарапайым халық сенеді, өйткені күн сайын сол саудагерді, әккі кәсіпкерді көреді. Ағайынға айда-жылда бір сөзін арнайтын шенеуніктерге деген сенімге селкеу түскелі қашан. Олардың басу айтқанына бұқара құлақ аспайды қазір. Кәсіпкерлердің «тамақтың көбі шетке сатылды, қалғанының бағасын амалсыз өсіріп ұсынудамыз» деген дақпыртын ауыл шаруашылығы министрі жоққа шығарды. Мысалы, биыл 918 мың тонна пияз, 567,1 мың тонна сәбіз, 3 миллион 715 мың тонна картоп жиналады. Аталған азықты ағайынға сатсаң да, шетелге экспортқа шығарсаң да жетіп артылады. Сондықтан бағаны көтеруге себеп жоқ. Кәсіпкерлер ойлану керек, шенеуніктер айыптыны айналадан, болмаса айдаладан іздемей дереу тексеруге көшуге міндетті. Азық-түлік бағасын реттеп, тамақ сапасын арттырмақ болған отандық кәсіпкерлерді дүкен сөрелеріне жолатпаған пысықтар кімдер? Мұндай түйткілге тап болсаңыз түйінін тарқатудың жолы қандай?

Еркін СЪЕЗҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу