Ашық құдықтар саны азаймай тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ашық құдықтар саны азаймай тұр

28.10.2019

Ал Елорданың дәл іргесіндегі бүтін бір ауыл ашық қалған осындай құдықтардың кесірінен үреймен өмір сүріп жатыр. «Мыңнан астам тұрғыны бар Қажымұқанға су тарту жұмыстарын жүргізген мердігер, құдықтарды ашық қалдырып кеткен»,- дейді ашулы жұрт. Сондықтан қыс түспей, шұңқырлардың бетін жабуды сұрап отыр.

Нұр-Сұлтаннан небары 20 шақырым жердегі Қажымұқан ауылының жұрты жазда «су келеді» деп қуанған еді. Бірақ ол ұзаққа созылған жоқ. Жұмыстар қазір уақытша тоқталылған. Десе де тұрғындарды бұл емес, мердігер мекеменің жауапсыздығы көбірек алаңдатып отыр. Өйткені шаруаның тоқтағаны былай тұрсын, құдықтарды ашық қалдырып кеткен.

Жанар Темірова, Қажымұқан ауылының тұрғыны:

Оқыс оқиғалар болады, әрине. Балалар осы жерде ойнайды. Доптары түсіп кетеді. Бірнеше рет балалар допты аламыз деп құдыққа ұмтылып жатқанын көрдім.

Сондықтан ұл-қыздарының өмірі үшін алаңдаған жұрт жауаптылардың шалағайлығына ашулы. «Жерді қазып, құбырды жүргізген соң, құдыққа қақпақ жабуы керек еді»,- дейді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Су тарту жұмыстары жүрген жолдарды жағалай жүріп келеміз. Құдықтардың барлығы дерлік ашық. Бұл тіпті, ауылдағы жалғыз балабақшаның тура жанында ашықтан-ашық жатыр. Ал іші суға толы.

Гүлзат Сүлейменова , Қажымұқан ауылының тұрғыны:

Міндетті түрде біреу өлуі керек пе, жасау үшін? Құдай сақтасын, әрине. Мынаған кішкентай бала түссе шыға алмайды. Қыстың күні қар жауады. Қар жапқан кезде көрінбейді ғой мынаның астында не жатқаны.

Бірақ дауға қалған мердігер: «Қысқа дейін жеткізбейміз»,- дейді. Жақында құдықтарды уақытша жауып, арнайы белгілер орнатпақ. Жалпы ауыл жұртының бұлайша өретүрегелуі бекер емес.

Өйткені құдыққа құлап, қаза тапқандар қаншама. Ақпанда ұшты-күйлі жоғалып, қар басқан құдықтың ішінен өлі табылған Бақдәулет Өмірхан солардың бірі. 13 жастағы жеткіншектің қазасынан кейін Елордада шұңқырлардың барлығы бітеледі делінген еді. Бірақ ашық құдық сол күйі ашық күйінде.

Берік Ахметов, «Ikomek-109» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы басшысының орынбасары:

Дәл қазір 17 ашық құдық бар қалада. Біз шағымды қабылдаймыз. Және сол құдық кімнің балансында екенін қараймыз. Мысалы, «Астана су арнасының», болмаса «Қазақтелекомның» ба... Соған біз жібереміз. Сол ұйымның жұмысшылары шығып, сол құдықты жабады.

Мәліметтерге қарасақ, бас қалада жыл басынан бері 4 жарым мыңнан астам құдық жабылған. Көбінің қақпағы қолды болғандықтан темір-терсек қабылдайтын орындарда бақылау күшейтілген. Өйткені 3 мың теңгеге бағаланатын темірді сұғанақтар сонда өткізеді. Ал ай көмек орталығы болса, беті ашық құдық көрген тұрғындарды дер кезінде хабар беруге шақырып отыр.

  Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу