Елімізде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады

30.10.2019
Елімізде әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады

Мүгедектігі бар жандар 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап техникалық оңалту құралдарының 55 түрінің (бұдан әрі – ТОҚ) 24-іне және мемлекеттік мекемелерде арнайы әлеуметтік қызметтерге тапсырыс бере алады. ТОҚ-тың қалған 31 түрі 2020 жылдың шілдесіне дейін кезең-кезеңімен енгізіледі.

Мүгедектектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, дыбыстық техникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен, сондай-ақ мүгедектер арбаларын беруді қамтиды. Арнаулы әлеуметтік қызметтерге жеке көмекшілердің, ымдау тілі мамандарының және санаторийлердің қызметтері жатады.

Жалпы, бүгінгі күні TОҚ және жоғарыда аталған қызметтер мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асуда. Бұл процедураларды жүргізудің ұзақтығына байланысты қызметтер алуға мүгедектік берілген күнінен бастап 8 айға дейін созылуы мүмкін. Ал бұл жүйе мүмкіндігі шектеулі жандарға мүлдем сәйкес келмейді. Олар жыл сайын қызмет көрсету сапасы мен медициналық құрылғылардың нашарлауына шағымданып жатады.

Әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту, қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында Еңбек министрлігі 1 қаңтардан бастап әлеуметтік қызметтер порталын іске қосады. Порталды енгізу оңалту құралдары мен қызметтеріне тең қолжетімділікті, үйден шықпай-ақ «бір терезе» арқылы уақтылы әлеуметтік көмек көрсетуді, сондай-ақ жеке қажеттіліктерді, жеткізушілер туралы ақпаратты, әлеуметтік қызметкерлер мен мамандар туралы мәліметтерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Бұл адал бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік беріп, әлеуетті өнім берушілердің оңалту құралдары мен қызметтерін іске асыруға қатысуының ашықтығын қамтамасыз етеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу