Мамандар жұмысқа арнайы сайт арқылы қабылдануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мамандар жұмысқа арнайы сайт арқылы қабылдануда

30.10.2019

«Қазақстан темір жолы» компаниясына жұмысшылар сайт арқылы ғана сайланып қабылданады. Жергілікті жерлердегі басқарма немесе бөлім өкілдері қызметке тұрғызуға көмектесемін десе, ол жалған ақпарат. Сала басшылары жұртшылықты алданып қалмау үшін құлақтандырып отыр. 

Енді пара беріп, сыйлық жасап немесе лауазымын пайдаланып жұмысқа қабылдауға жол жоқ. Бұл қарапайым тәсілмен шешілген. Баршаға танымал HeadHunter сияқты сайттарда бос қызмет орындары көрсетіледі. Кандидаттың құжаттары сонда қаралып, комиссиямен әңгімелесу аудио, видео нұсқасында сақталады. Ақырғы шешім құрылымдардан өтіп, орталықта шығарылады.   

Серік Әбденов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының корпоративтік мәселелер және HR жөніндегі орынбасары:

Сен соншама ақша бер мен жұмысқа тұрғызамын деген. Ол бірден әр қазақстандық білуі керек ол жалған ақпарат. Ондай мүмкіндік қазір жоқ. 

Тың болмаса да тиімді тәсілді компания мамырда бастады. Сайттарда жарияланған 1400 жұмыс орнына 10 мыңнан астам үміткер тіркелген. Нәтижесінде 1700-і талапқа сай болып, тек 600 адам ғана қызметке тұрған. 

Тамила Микулич, «ҚТЖ» ҰК» АҚ HR жөніндегі басқарушы директоры:

Егер біреу несие алып, пара беріп ҚТЖ-ға жұмысқа тұрса, ол кейін соны өтеуі тиіс қой. Заңсыз жолаушы тасымалы, билет сату, басқа да келеңсіздіктер содан шығады. Сол себепті біз мәселені түп тамырымен шешуге талпындық. Біз үшін бұл – компанияға біреудің билігімен емес, керісінше білім-білігімен келу маңызды.  

«Сайт – жұмысқа қабылдауда ашықтыққа кепіл»,-дейді мамандар. Ал жергілікті жерлерде өз бетінше қызметке алуға ешкімнің құзыреті жоқ. Ондай ұсыныс болса – ол жемқорлық екенін ескертеді. 

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу