Ақтөбе көшелерінің жартысында асфальт жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе көшелерінің жартысында асфальт жоқ

04.11.2019

Еліміздің төртінші мегаполисі атанудан үмітті Ақтөбе көшелерінің жартысына жуығында асфальт жамылғысы жоқ. Олардың көбі, әсіресе көктем мен күзде балшыққа айналып, тұрғындарға үлкен қолайсыздық тудырады. Ал қала билігі мәселені инвестор тартып шешуге тырысып жатқандарын айтады. 

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір біз тұрған Түрксіб көшесіне ешқашан асфальт жамылғысы төселмеген. Әсіресе, жауынды күндері бұл жерден аяқ алып жүру мүмкін емес, ми батпаққа айналады. Жалпы, облыс орталығындағы көшелердің жартысына жуығының күйі дәл осындай.

Ерназар Қонақбаев бұл көшеде 40 жылдан бері тұрады.Ол қала орталығын мекендесек теғ, көшеге шығу үшін резенке етік киетін күндеріміз көп дейді. Ойдым-ойдымы шыққан көшемен жаяу адам түгіл, көліктердің де жүруі қиын. 

Ерназар Қонақбаев, қала тұрғыны:

Асфальт болған жоқ бұл жерде. Су жиналады.

Тұрғындар жол салып беруді өтініп, әкімдікке бірнеше мәрте арызданған. Алайда еш нәтиже жоқ. «Шенділер құрғақ уәдемен ғана шығарып салады», - дейді.

Фариза Құдайбергенова, қала тұрғыны:

Ми батпақ, машина келмейді. Біздің өтінеріміз – жол. 35 жыл болды. Отырмыз, қайтеміз енді?! Еш жерден жәрдем жоқ, қанша арыз берсек те.

Жергілікті биліктің мәліметінше, Ақтөбе қаласы аумағындағы жолдардың ұзындығы - 651 шақырым. Оның жартысына жуығында ғана асфальт-бетон жамылғысы бар. Биыл 4 миллиард 200 миллион теңгеге 33 шақырым жол жөнделген. 

Нұрлан Досов, қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Асфальті жоқ көшелер бар. Әсіресе, Мәскеу, Сүт зауыты аудандарында көп. Оған қоса қала маңында жаңадан бой көтерген 35 елді мекен барын білесіздер. Ол жерлер де біздің назарымызда. Мәселен, Сазды ауылына қиыршық тас төсеуді жоспарлап отырмыз.

Шаһар билігі жыл сайын бір-екі көшемен шектелмей,ондаған жобаны бірден іске асыруға ниетті. Қазір жалпы құны 12 миллиард теңге болатын қырық жоба дайындалып жатыр. Ол түгелімен іске асқан жағдайда қала жолдарының 80 пайызында асфальт болады.

Мавр Абдуллин, қала әкімі:

Инвесторлар іздеп, солардың қаражаттарына қаланы толық асфальттап беруге талаптанып жатырмыз. Осы үш жылдың ішінде. Бәрі қаржыға тіреліп тұр.

Алайда бұл жобаның нақты қай уақытта басталатыны әзірге белгісіз. Егер инвестор табылмаса, қала билігі өз күшімізбен жүзеге асыруға күш саламыз дейді. Ал оған дейін тұрғындардың батпақ кешіп жүре тұруларына тура келеді. 

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу