Эльмира Суликанова ауыр жол-көлік оқиғаларын тергеумен айналысатын еліміздегі жалғыз әйел қызметкер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Эльмира Суликанова ауыр жол-көлік оқиғаларын тергеумен айналысатын еліміздегі жалғыз әйел қызметкер

05.11.2019

Аяулы жар, мақтаулы маман. Ақтөбелік Эльмира Суликанова ауыр жол көлік оқиғаларын тергеумен айналысатын еліміздегі жалғыз әйел қызметкер. Ол 23 жылын Ішкі істер қызметіне арнаған. Нәтижелі еңбегінің арқасында жоғары көрсеткішке ие болып отырған полиция подполковнигінің жұмысымен Жақсыбек Кемал танысып келді. 

Жыл басынан бері облыста ауыр және адам өлімімен аяқталған 200-ден аса жол көлік оқиғасы тіркелген. Мұндай істердің барлығы дерлік Эльмира Суликанованың басшылық етуімен тергеледі. Бөлім қызметкерлері бұл жолы велосипедшілерді қағып, артынша басқа көліктерге түйіскен шет елдік автомобильді тексеріп жатыр.

Эльмира Суликанова, Облыстық полиция департаменті, тергеу басқармасының бөлім бастығы:

Бұл жол көлік оқиғасынан бірнеше адам зардап шекті. Кей жағдайда өлім де болып тұрады. Бұл өте қиын. Адам тағдыры ғой. Сондықтан біз барынша мұқият болуға тырысамыз. Үйде кішкентай баламыз, отбасымыз болса да, түн ішінде де оқиға орнына тез жетуге тырысамыз.

Ақтөбеде күн сайын ондаған жол көлік оқиғасы болып жатады. Олардың ең ауыр дегендері Эльмираның назарынан тыс қалған емес. Тәжірибелі маман үшін әр минут маңызды.

Эльмира Суликанова, Облыстық полиция департаменті, тергеу басқармасының бөлім бастығы:

Жол апаты туралы хабарламаны алған соң оқиға орынан барамыз. Мына бейнекамералардың да көмегі өте зор. Кей жағдайда апатқа кінәлі сол қаза тапқан адамның туысы болуы мүмкін. Ондайда айып тағу өте қиын. Бірақ бізге әділдік керек.

Бөлім бастығы күн-түн демей жұмыс істеуге дағдыланған. Тіпті бүгінгі туған күнін де жұмыс орнында қарсы алды. Әріптестері оның талапшыл әрі әділ басшы екенін айтады.

Руслан Есмурзин, әріптесі:

Ол кісі басқару кезінде талап қоя біледі. Ждәне әрбір жол көлік оқиғасы болған кезде сызбаларды, бәрін қарап, бізге нақты бағыт береді. Және басқара біледі.

20 жылға жуық анықтау басқармасында қызмет еткен Суликанованың қарамағында төрт маман бар. Бұл бөлім ашылған және сотқа жіберілетін істердің көрсеткіші жөнінен алдынғы қатарда келеді. Кейіпкеріміз: «Адам тағдыры талқыға түсетіндіктен, біздің жұмыста босаңсуға жол жоқ», - дейді.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу