Өскемен қаласында мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасымен салынған үйлер қаңырап бос тұр. Кезінде 22 шағын ауданда салынған 1 және 2 қабатты жеке үйлер ипотекакалық несие арқылы мұғалім, дәрігер және полицейлерге үлестірілген. Алайда баспана сапасы бағасына сай болмай, ол жерге қоныстанғандар әлі күнге жөндеу жұмыстарынан көз ашпай келеді. Ал 40-тан астам үй соңғы 10 жылдан бері бос тұр. Мемлекеттік қазынаның милиондаған қаржысына салған баспананың қазіргі жағдайын әріптесіміз Берік Көшербай көріп қайтты.
Осыдан 11 жыл бұрын Өскеменде мемлекеттік қызметкерлер үшін осындай үйлер салу туралы шешім қабылданған. Алайда көп ұзамай 22-ші шағын ауданда тұрғызылған баспана сапасыз құрылыстың айқын көрінісіне айналды. Көпшілік не себептен бұлай болғанын біліп те отыр.
Нұрипә Қоңырбаева, қала тұрғыны:
Әй, біреулер жеп кетті ғой. Қазір жеп кетті деп теледидардан ашық айтады ғой. Біреудің қалтасында кетті. Енді мен басқалай қалай айтамын, кәрі адаммын, соттаса соттап жіберсін.
2008-2010 жылдары бұл жерде барлығы 113 үйдің құрылысы жүргізілді. Олардың 70-не адамдар қоныстанып, ай сайын 40-50 мың теңге несиені төлеп те отыр. Ал қалған 43 үйдің қазір құр қаңқасы ғана тұр.
Берік Көшербай, тілші:
Қаңырап бос тұрған кейбір үйдің қазіргі сиқы осы. Ағаш материалдар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ерінбегендер, есік-терезені де осы жерден бұзып әкетуді әдетке айналдырған. Бұл үйлердің қабырғалары міне мынадай пенопластан тұрғызылғаны көрініп-ақ тұр.
Үйлердің адам тұрғысыз, нашар салынғанына жергілікті халық ашулы, олардың тапсырылуына құзырлы органдар қалай рұқсат берген деп күйінеді.
Түсіпхан Әбішұлы, қала тұрғыны:
«Мемлекеттік ақшамен салынды» дейді, оны қалай салынғанын қайдан білейін. Мынаны көріп тұрған адам қалай қабылдап алды. Бір жерде отырып немесе конторда отырырып қабылдады ма? Біреуге біреу жіберді ме? Ешкім білмейді.
Лидия Хамитова, қала тұрғыны:
Енді сатайық десек, біздің үй ипотекаға келмейді екен. Енді көбі ипотокаға аламыз дейді ғой. Сендердің үйлерің кірпіштен емес дейді. Сонда бізге ипотекамен қалай сатты мына үйлерді?
Қалалық құрылыс бөлімі сапасыз үй салып жатқан мердігермен сол кезде-ақ келісімшарт бұзыпты. Қаңырап бос қалған үйлерді оларға тапсыру туралы сот шешімі де шыққан, бірақ ол әлі күңге дейін орындалмаған. Билік өкілдері осы 43 үйдің құрылысын қайткенде де аяқтаймыз деп отыр.
Мадияр Абылханов, Қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:
Қазір жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Осы 43 үйдің құрылыс аяқтау мақсатында. Құрылыс жалғасады, ол үшін техникалық зерттеу нәтижесі де дайын.
Ал сапасы дұрыс болмаса да, керек жерін өздері жамап-жасқап алған 70 үйдің тұрғындары қазір жолдың зардабын да тартып отыр. Жаңбыр жауса болды, бала-шағысымен түгел батпақ кешіп кетеді. Қоғамдық көлік келмейді, аялдама да алыс деген сияқты проблемалар жетерлік. Біздің жан-айқайымызды тоз-тозы шыққан бос үйлерді паналаған торғайлар ғана тыңдайды деп қынжылады.
Берік КӨШЕРБАЙ