Бельгиялық музыкант Абайдың әнін гитарамен орындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгиялық музыкант Абайдың әнін гитарамен орындады

11.11.2019

Бельгиялық музыкант ұлы Абайдың 175 жылдығына Еуропадан тарту жасады. Ақынның «Көзімнің қарасы» әнін гитарамен орындап, инструменталдық нұсқасын жазды.

Вим Рулантстың қазақ музыкасына қызығушылығын арттырған - Бельгияда тұратын жерлесіміз Таир Азизов. Таир кезінде Алматыда құрылған «Жеміс-жидек» - «Овощи и фрукты» тобының бас-гитарисі болған. Қазір Бельгияда «Мәдени байланыс» ұйымын ашып, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға атсалысып жүр. Вим Рулантстың орындауындағы «Көзімнің қарасына» көпшілік әлеуметтік желілерде жоғары баға беруде. Шетелдік музыкант бұдан былай Еуропаның есер әнінен гөрі, қазақтың есті әндерін көбірек орындайтынын айтты.

Вим Рулантс, музыкант:

Осыдан 6-7 жыл бұрын Таирмен танысып, бірінші рет Қазақстанға сапарладым. Алматыда тауға шығып, елдеріңіздің табиғатын, халқын қатты ұнаттым. Таир маған «Көзімнің қарасын» тыңдатқанда әннің құдіреті мені баурап алды. Абай ұлы философ, ақын, нағыз зиялы адам болған. Оның қара сөздері ғажап. «Көзімнің қарасын» біз сәл жаңа бағытта жасадық.

Таир Азизов, жобаның продюсері, музыкант:

Қазір біз жаңа жобаны қолға алдық. Орталық Азия елдерінің әндерін Жапония, Германия, Бельгия, Бурунди, Гана музыканттары орындайды. Сосын оны үлкен үнтаспа етіп шығарамыз. Абайдың «Көзімнің қарасы» осы жобадағы қазақ әндерінің бірі. Қазір «Trix» студиясында әндерді өңдеуді бастадық. Болашақта үлкен концерт ұйымдастырып, Орталық Азия халықтарының әнін еуропалықтарға таныстырсақ дейміз. 

Нұрсұлу Қасым

Хабарламаларға жазылу