Елорданың сол жағалауындағы ғимараттарға жарық беріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың сол жағалауындағы ғимараттарға жарық беріліп жатыр

11.11.2019
Елорданың сол жағалауындағы ғимараттарға жарық беріліп жатыр

9 қарашадан 10 қарашаға қараған түнгі сағат 02:04-те елордадағы «Левобережная» 110/10 кВ шағын станциясының 10 кВ кабель каналында өрт шығып, кабель желісі зақымданды. Соның салдарынан қаланың сол жағалауындағы кейбір тұрғын үйлер мен әкімшілік ғимараттар жарықсыз қалды.

Олардың қатарында Ақорда, Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрліктер Үйі, Үкімет Үйі, Жоғарғы Сот, «Уют», «Краун Плаза», «Тұмар» (2 үй), «Арт Хаус», «Вива плаза», «Алатау», «На водном зеленом бульваре», «Бәйтерек» монументі, «Изумрудный квартал» бизнес орталығы, «Керуен» сауда орталығы, Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат ғимараттары бар.

Апат орын алған сәттен бастап «Астана АРЭК» компаниясы жедел апатты жою шараларын қолға алып, елорда тұрғындарын да қажетті ақаратпен қамтамасыз етіп отырды. «10 қараша түнгі сағат 02:04-те аталған станцияға қосылған нысандар электрмен жабдықтау желісінен апат салдарынан ағытыла бастады. Осы кабель желісіне қосылған тұтынушылар өрт сөндіру бригадаларын электр тоғы соғуын болдырмау үшін электрмен қамтудан ажыратылды. Құрамында 15 маман бар апат салдарын жою бригадасы 6 арнайы техника және қажетті жабдықтармен шұғыл түрде жұмысқа кірісті. 5 жедел-көшпелі бригадалар нысандарды қайта қосумен айналысуда. Қолда бар барлық мобильді дизель-генераторлар іске қосылды. Кабель желілерін қалыпқа келтіру жұмыстары жалғасуда», - делінген компания таратқан хабарламада.

Оқиға орнына елорда әкімі Алтай Көлгінов те жетіп, жедел атқарылып жатқан шараларды жіті бақылауына алды.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елорданың басым бөлігінде жарықтың сөніп қалуына әкеп соқтырған апатты жағдайға байланысты Үкіметке арнайы комиссия құруды тапсырды.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу