Шығыс Қазақстанда малға арналған «айыппұл тұрағы» көбейіп келеді. Аймақтағы полицейлер осылайша барымтамен күресті күшейтпек. Себебі ұрылардың көзі бірінші кезекте иен далада, қараусыз жүрген малға түсетіні белгілі.
Сонымен қатар тасжол бойында жүрген төрт түліктің кесірінен жол-көлік оқиғасы да жиі тіркеледі. Осындай жағдайдарды болдырмау үшін облыс бойынша барлығы 262 уақытша мал қамайтын орын дайындалған. Полицияның мәліметіне сүйенсек, мұндай «айыппұл тұрағына» Бородулиха, Көкпекті, Аягөз және Ұлан ауданы тұрғындарының төрт түлігі ең көп жеткізіліп жатыр. Ол жерден алып кету үшін малдың иесі тиісті құжаттарын көрсетіп қана қоймай, әкімшілік айыппұл төлейді.
Берік Көшербай