Атырау қаласының іргесінде орналасқан мал сою цехының бірінде сұмдық жағдай болды. Мұндағы қасапшылар алдына әкелінген малды қатігездікпен өлтіріп келген. Арам сойылған төрт түліктің етін сауда нүктелеріне тапсырған. Жаға ұстатарлық оқиға әлеуметтік желіге тараған әуесқой түсірілімнен кейін ғана белгілі болды.
Қала тұрғыны тығылып түсірген бұл видеодан қасапшының қатігездігін байқауға болады. Ол байлаулы тұрған жылқының басынан балтамен аяусыз ұрып, жерге құлатады. Жалпы қасапханада күніне 20-ға жуық мал сойлады екен.
Басы дауға қалған кәсіпкер түсірілім тобын көріп бірден ашуға басты. Қоқан-лоққы көрсетіп, мән-жайды түсіндіруге үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Арнайы келген комиссия мал сою орнында басты талаптардың сақталмағанын айтып отыр. Мұннан шыққан еттің нақты қай сауда нүктелеріне жеткізілгені әзірге белгісіз.
Бассыздыққа барған қасапшы ұсталды. Тергеліп жатыр.
Соңғы 9 айдың қорытындысына сай, өңірде 34 мың тоннаға жуық ет өндірілген. Жалпы аймақта 14 мал сою орны бар. Олар да осы келеңсіз жағдайдан кейін жіті тексерілетін болды. Өйткені халық таза әрі сапалы өнімді тұтынуы тиіс.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ