CNPC корпорациясында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшылардың жалақысы өседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы корпорацияның директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньді қабылдап, отандық мамандардың айлығын шетелдік жұмысшлардыкімен теңестіруді тапсырды. Сондай-ақ Президент тауар сатып алу және қызмет көрсету ісінде қазақстандық өнімнің үлесін арттыруды жүктеді. Мұндай ымыраға келу Қазақстан мен Қытай арасында орнаған өзара сенім мен ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болып отыр.
Президент екі ел арасында туындайтын барлық мәселе өзара келісім негізінде шешілуі тиіс екендігін жеткізді. CNPC корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илинь болса әріптестікті нығайту ниеті мен қолдауы үшін аталған компанияның атынан Президентке рахмет айтты.
Айта кетейік, CNPC компаниясы мұнай өндіру, өңдеу, көмірсутегін тасымалдау салаларында еңбек етеді. Корпорация жүзеге асырып жатқан жобалардың Қазақстан экономикасына қосып жатқан үлесі сүбелі. Сондай-ақ Ақтөбе өңірі үшін де маңызы зор өндіріс орны. Ірі компанияда жұмыс істейтін отандық мамандар бұл жаңалыққа қуанары сөзсіз.
Альбина ӘШІМ