Теңге туралы қызықты деректер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңге туралы қызықты деректер

15.11.2019
Теңге туралы қызықты деректер

Бүгін Ұлттық валюта күні. Еліміздің төл валютасы туралы жарлық 1993 жылы 12 қарашада шықты. Үш күннен соң, 15 қарашада айналымға енді. Таңғы 08:00-ден бастап кеңестік рубльді теңгеге айырбастау басталды.

Теңгенің алғашқы дизайны қалам, калька, тушь арқылы салынды. Ұлттық валютамыздың дизайнерлері: Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов, Хайрулла Ғабжалылов. Қазақстан тарихын, мәдениетін зерттеген шеберлер алдымен валютамызға атау іздеген. Әуелде «ақша», «алтын», «сом» сияқты атаулар ұсынылған. Алайда «Теңге» атауына тоқталған. Бұл атауды ұсынған - Халықаралық инженерлер академиясының академигі, ғалым, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Тәкежанов.

Алғашқы теңге Лондонда, Harrison & Sons фабрикасында шығарылды. Өйткені елімізде ақша басатын фабрика болған жоқ. Алғашқы ақшаларды Лондоннан Қазақстанға жеткізу үшін 18 әуе сапары жасалды, ал 8 күннің ішінде қазақстандық банктарға бөліп берілді. Ал алғашқы қазақстандық монеталар Германияда жезден және никель күмістен жасалды. 

2006 жылы теңгенің жаңа нышаны таңдалды - ₸ (коды - U + 20B8). Авторлары - Вадим Давиденко және Санжар Амерханов.

Ақша басып шығаратын өз фабрикамыз 1995 жылы ашылды. 2011, 2012 және 2013 жылдары теңге банкнотасы әлемдегі ең үздік қағаз ақша ретінде танылды. 

Теңге — жалған ақшадан қорғалған әлемдегі ең қауіпсіз валюта. Америкалықтар осы теңгенің технологиясына сүйеніп, доллардың қауіпсіздігін күшейткен.

1993-1998 жылдар аралығында шыққан теңгелер:


1 теңгеге әл-Фарабидің бейнесі, екінші бетіне әл-Фараби атамыздың геометриялық құрылымдары мен формулалары салынды. 

3 теңгеге ақын Сүйінбай Аронұлының портреті, екінші бетіне Іле Алатауының бейнесі салынды. 


5 теңгеге күйші Құрманғазы Сағырбайұлының, екінші бетіне мавзолей кешенінің бейнесі салынды. 

10 теңгеге ғалым Шоқан Уәлиханұлының, келесі бетіне Оқжетпес тауының бейнесі салынды.

20 теңгеге Абай Құнанбайұлының портреті салынды. Екінші бетінде құсбегінің бейнесі болды.

1993 жылғы үлгідегі 100 теңгелік банкноттың бірінші бетіне Абылай ханның, екінші бетіне Қожа Ахмет Ясауи кешенінің бейнесі салынған. 


Фото:voxpopuli.kz

Хабарламаларға жазылу