Отандық дәрігерлер екі көзі көрмей қалған науқасқа жарық сыйлады. Ұлттық нейрохирургия орталығында өте сирек кездесетін диагноз бойынша операция сәтті аяқталды. Мидағы ісік көру қабілетін төмендетіп, соңында мүлдем зағипқа айналдырған.
Операция үстелінде жатқан бойжеткеннің жасы 22-де. Екі ай бұрын оның екі көзі бірдей көрмей қалған. Бір сәтте қос жанарынан айырған аурудың аты – краниофарингиома. Яғни, мидағы ісік үлкейіп, көз тамырларын басып қалған.
Кесел – туа бітті. Ісік бірден емес, біртіндеп өседі. Сол себептен, бастапқыда түк сезілмейді, бірақ адамның жағдайы күрт нашарлап, ауру қысқа уақытта асқынады. Күнімай да осылай болған. 22 жасына дейін басында ісіктің бар екенін білмеген. Оқуын аяқтап, банкте қызмет етіп жүрген кезінде су қараңғы соқырлыққа тап болады.
Операцияның жасалғанына бүгін жетінші күн. Күнімай аяғынан тұрды. Қос жанары қалыпқа келді.
Мамандар ауру асқынса көмектесу мүмкін еместігін айтады. Сондықтан дерттің белгілері анықталысымен, тексерілу қажет екендігін айтады.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ