Қарағандыдағы «Қазақстан» шахтасында жұмысшы қайтыс болды. Көмір шахтасының жылу қазандығында еңбек еткен маман отын жіберетін бункерге түсіп кеткен.
Қазандықтың шебері соңғы рет 16-шы қараша күні жұмыс ауысымына түскен. Сағат түнгі 11-лер шамасында бункерге көмір толтыру жұмысын бақылаған. Одан соң әріптестері оны көрмеген. Құтқару қызметінің мамандары таңғы сағат 5-тер шамасында жетіп, ғимарат ішінен таппаған соң, бункердегі көмірді қазған.
Жұмысшының бункерге қалай түсіп кеткені белгісіз. Оқиға орнына журналистердің кіруіне рұқсат жоқ. Қазір мемлекеттік комиссия құрылып, тергеу амалдары басталды. Бұл осы айда болған екінші қайғылы оқиға. 8 қараша күні «Саранская» көмір шахтасында бір кенші қаза болған еді. 34 жастағы азамат өндіріс жабдықтарының арасына қысылып қалған. Адам шығыны болған екі шахта да «Арселор Миталл Теміртау» компаниясына тиесілі.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ