Қ.Қайсенов кентінің тұрғындары елді мекен маңында қоқыс өңдейтін зауыттың салынуына қарсы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қ.Қайсенов кентінің тұрғындары елді мекен маңында қоқыс өңдейтін зауыттың салынуына қарсы

18.11.2019

Шығыс Қазақстандағы Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары елді-мекен маңында қоқыс өңдейтін зауыттың салынуына қарсы. Ұлан ауданында осындай кәсіпорын пайда болады дегенді естіген ел-жұрт аймақтың экологиясы үшін алаңдаулы. Соңғы уақытта бұл тақырып осы облыстағы ең өзекті мәселенің біріне айналды. Өйткені, тура 1,5 айдан соң Өскемендегі қалалық қоқыс полигонын пайдалану мерзімі бітеді. Сондықтан жергілікті билік жаңа полигонға жер қарастырып жатыр.

Жаңа кәсіпорын үшін Ұлан ауданындағы Алмасай ауылдық округінің аумағында 30 гектар жер бөлініп, бастапқы уақытта ол жерде 40 адам жұмыспен қамтылады деген жоспар бар.

Әзірге жоба күйінде ғана тұрған зауыттың болжаулы орны Қасым Қайсенов кентіне тым жақын орналасқан. Сондықтан кент тұрғындары қазірден бастап бұл зауыттың салынуына қарсылық білдіріп жатыр.

Қасым Қайсенов кентінің тұрғындары қазір бұл тақырыпты әлеуметтік желіде қызу талқылап, ой-пікірлерін білдіруде. Тұрғындар ғана иемес, өңірдегі экологтар қоқыс өңдеу зауытын салуға қарсы. Өзін-өзі ақтамайтын үлкен кәсіпорынға қыруар қаржы жұмсағанша, қоқысты сұрыптау желісін дамытып, оны өңдейтін шағын цехтар ашу әлқайда тиімді деген пікірде.

Жалпы, соңғы жылдары Өскеменде қоқыс өңдеу өте өзекті мәселеге айналды. Өйткені, келесі жылдың басында қала іргесіндегі полигонды пайдалану мерзімі аяқталады. Ол жерде 60 жылда 7 миллион тонна қалдық жиналған. Ал Қасым Қайсенов ауылы маңында зауыт құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Мәселе әлі қоғамдық тыңдауда талқыланбақ.

Берік КӨШЕРБАЙ


Хабарламаларға жазылу