Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді басқарудың тиімділігін арттыру бағытындағы шаралармен таныстырды.
Министрдің мәліметінше, өзгерістердің басым бөлігі цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізумен байланысты. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласын ашық, қарапайым және тиімді етеді, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Соңғы үш жылда Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар нәтижелі істер атқарды. Мысалы, ауыл шаруашылығы учаскелерінің сандық кадастры жасалды. Енді министрлікте нақты аймақтағы әр егістіктің, жайылым, бақ немесе шабындық алқаптарының көлемін, сондай-ақ әр жер иесінің аты-жөні туралы ақпарат бар.
Шамамен 80 мың адамның иелігіндегі 290 мыңнан астам егістік алқаптары цифрандырылды. Олардың жалпы аумағы 26 млн гектарды құрайды. Сондай-ақ, 49 мың қазақстандыққа тиесілі 132 мың жайылым жер цифрландырылды.
«Біз жер қатынастары саласындағы мемлекеттік саясат пен басқаруды біртіндеп сандық форматқа ауыстырудамыз. Бүгінгі күні нақты деректері бар агроөнеркәсіптік кешеннің Ахуалдық орталығы бар. Онлайн кадастр бізге пайдаланылатын жердің әрбір учаскесін толық мониторинг пен бақылау орнатуға мүмкіндік береді. Әр егістікпен жайылым бойынша өсімдіктердің вегетациясы, топырақтың температурасы, ауа температурасы, топырақтағы ылғал, жауын-шашын, химиялық құрамы және арамшөптермен залалдануы күнделікті өзгерістерді көріп отырамыз. Сондықтан да біз жердің қанша уақыт пайдаланылатынын немесе тұрып қалғанын білеміз», - деді Сапархан Омаров.
Бұдан басқа, министрлік агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау процесін толығымен автоматтандырды.
Жақын арада егістік пен жайылымдардың тарихы қамтылған кітап жарияланбақ. Сондай-ақ, аталған ведомство жерді тиімсіз пайдаланушылардың «ашық тізімін» жасап, осы тізімге кірген жерді пайдаланушыларға субсидия беруге тыйым салмақ.