2020 жылдан бастап онлайн несие беретін ұйымдар қатаң бақылауға алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

2020 жылдан бастап онлайн несие беретін ұйымдар қатаң бақылауға алынады

19.11.2019

Жәрдемақы алатын карталарды несие берешегі үшін бұғаттап тастауға ешкімнің құқы жоқ. Бұл — заңға қайшы әрекет. Экономист мамандар осылай деді. Жақында ғана біздің эфирімізден 25 мың теңге несие алып, аз уақытта берешегі 600 мың теңгеге өсіп кеткен зейнеткердің тағдыры жайлы көрсеткен болатынбыз. Соңында сот орындаушылары оның барлық картасын бұғаттап тастаған еді. Осылайша, ол мемлекеттен беретін 16 мың теңге жәрдемақысынан қағылған. Жалпы, Қазақстанда онлайн несие алып, опық жегендердің қатары көбейген. Ақша алудың оңай жолын ұсынып, былыққа батырып жатқан жүйеге бақылау жоқ деп отыр сарапшылар.

Онлайн қарыз алудың қауіпті екенін бірі білсе, бірі білмейді. Өйткені қаржылық ұйымдардың жұмысын ешкім бақыламайды. Сарапшылар олар пайыздарын жасырып, көрсетпейтіндерін айтады. Қазір интернет арқылы несие беретін фирма ашу үшін, арнайы лицензия алудың қажеті жоқ. Сондықтан қаржыдан қысылғандарды торына түсіруге әуес онлайн банктер қаптап кеткен.

Интернет банктердің арасында клиенттерді алдайтын алаяқтардың барын Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы да мойындап отыр. Әрине сала реттелмеген соң, пайданы көздегендер ойына келгенін істейді. Десе де 2020 жылдың бірінші қаңтарынан бастап мұндай ұйымдардың жұмысы қатаң бақылауға алынбақ.

Сондықтан қауымдастықтағылар заң күшіне енгенше интернет арқылы қарыз аларда аса сақ болуға кеңес береді. Әрі жеке куәлікті де көрінген жерде қалдыруға болмайды. Өйткені, біреу атыңыздан онлайн несие рәсімдеуі ғажап емес.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу