Елімізде осы жылдың қаңтарынан бастап 9 ай аралығында шетелдік нөмірлі көліктер 73 мың рет жол ережесін бұзған. Айыппұлдың көлемі – 800 миллион теңгеден асады. Оның тек 6,5 пайызы өтеліпті. Мәселе, айыппұлда ғана емес. Жол-көлік апаттары да жиілеп кеткен. Шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен 900-ден аса жол апаты тіркеліп, 58 адам қаза тауып, 300-ден аса азамат жарақаттанған. Осындай кері көрсеткіштер көбейгендіктен Ішкі істер министрі «жол қозғалысы» заңына түзету енгізіп, шетелдік көліктерді тіркеу һәм шектеу туралы ұсыныс айтқан. Ұсыныс әзірге Парламенттің қарауында. Бірақ, соның өзінде де халық ертоқымын асып, Ереванға ағылып жатыр.
Арменияға көліктер көбіне АҚШ пен Жапониядан әкелінеді. Оны заңдастыру, рәсімдеу үшін шығын аз. Сол себепті, жергілікті халықтың дені көлік сатумен жаппай айналысып кеткен. Ал, базардағы сауданың көркін қыздырып тұрған қазақстандықтар.
Дегенмен, былтырғы жылмен салыстырғанда Армениядағы көліктердің бағасы қымбаттаған. Бірақ сатып алушылардың қатары кеміген жоқ. Себебі әлі де қаражат жағынан тиімді. Қазақстанда шетелдік көліктерге қатысты заң өзгеруі мүмкін.
Әзірге шетелдік көліктерді сатып алуға және Қазақстан аумағында жүруге заң бойынша тиым жоқ. Бірақ Армения тарапынан өзгеріс енгізілмек. Яғни, 2020 жылдан бастап, көліктерді Арменияға әкелуге жеңілдік жойылады. Демек рәсімдеу қымбатқа түседі. Біздегі жүйемен ұқсас болмақ. Сәйкесінше, базардағы көлік бағасы да шарықтап кетуі мүмкін.
Азамат БЕЙБІТҰЛЫ