13 жасында екпенің салдарынан сал болып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

13 жасында екпенің салдарынан сал болып қалған

20.11.2019

Асыл жар, аяулы ана, хас шебер. Біз келесі сюжетімізде мүгедектер арбасына таңылса да, тағдыр сынағына мойымаған Анар Хамитова жайлы айтқымыз келеді. Кейіпкеріміз 13 жасында екпенің салдарынан сал болып қалған. Содан бері талай тауқымет көрсе де, сағы сынбады. Тұрмыс құрды, сәбилі болды. Бүгінде әдемі әшекей жасаудың шеберіне айналған.

Қолы қалт ете қалса, қарап отыруды жөн көрмейді Анар. Түрлі әшекейлерді әрлейді. Сәндейді. Сатқанынан тапқанын қажетті дәріге жұмсайды. Дәрі демекші, Анардың ауруы 13 жасында басталған.

Қатерлі дерт қаршадай қыздың жанын ғана қинаған жоқ, жастығын ұрлады. Өйткені Анар бұл аурумен 16 жыл күресіп келеді. Ағзасы дәріге тәуелді. Диагнозы – Миастиния, яғни бұлшық еттерінің жұмысы әлсіз. Әр төрт сағатта дәрі ішпесе, аяқ-қолы істемей, тынысы тарылады. Сондай сәтте демеу болған жандардың бірі — болашақ жары еді.

Осылайша Анардың аяғы жүруден қалған кезде жолдасы үйленейік деп ұсыныс жасайды. Мәрт жігіттің махаббатына бөленген ару жар таңдаудан жаңылмағандығын айтады. Дәрігерлердің қарсылығына қарамастан, бала сүюді армандайды. Бүгінде жанұяда Зәуре, Темірлан есімді бүлдіршіндер өсіп келеді.

Жас отбасының ата-енесімен бірге елордада пәтер жалдап тұрғанына — 4 жыл. Асыраушысы отағасы ғана болғандықтан Нағашыбай электрик болып бірнеше жерде жұмыс істейді. Анар І топтағы мүгедек бола тұра үй кезегіне де тұра алмаған. Өйткені оған тұрақты тіркеу керек. Тіркеуге тағы үй қажет. Сағат сайын ішетін дәрісінен бөлек, жылына екі рет 4 миллион теңге тұратын кешенді ем алуы керек. Ал әшекейден тапқан аз ғана нәпақасы күнкөріс қажеттілігінен аспайды. Жылы мезгілде далада сататын еді, ал қазір күн де суыды.

Анар Хамитоваға көмек қолын созам дейтіндерге, байланыс нөмірлері экранда көрсетілген.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу