Испанияның Канар аралдары жағалауынан 79 мигрант құтқарылды. Олардың арасында 9 бала, 3 әйел бар. Жағажай күзетінің хабарлауынша, босқындар көмек келгенге дейін ашық теңізде 6 күн болған. Сондықтан көбінің денсаулығы нашарлап, әлсіреп қалғандықтан, медициналық көмек көрсетілді. Қазір олар Аргинегин қаласындағы уақытша орталыққа орналастырылған.
Айта кетсек, Канар аралдары - Солтүстік Африкадан шыққан заңсыз мигранттар үшін Еуропаға апаратын басты бағыттардың бірі. Испания Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биыл теңіз бен құрлық арқылы елге 27 208 адам заңсыз енген. Алайда ел асып кеткендердің барлығы діттеген жеріне жете бермейді. Осыдан 2 апта бұрын Лансароте аралының маңында тағы бір топ босқын мінген қайық аударылып, 9 адам қаза тапты.
Жансая Қапасқызы