Елордада «Jas project» жобасы қорытындыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Jas project» жобасы қорытындыланды

26.11.2019

3 жылда 9000-нан астам жас кәсіпкер атанды. Бұл - «Jas project» жобасының жемісі. Бүгін Елордада аталмыш бағдарламаға қатысқан жастар өз жұмысын қорытындылады. Жоба талабы бойынша олар мемлекеттен қайтарымсыз  алған 1 миллион теңгеге жеке кәсібін бастайды. Басты шарты – алғашқы алты ай аз қамтылған отбасыларға көмектесу керек. Қайтарымсыз грант иегерлерімен біздің түсірілім тобы жүздесіп келді. 

Роботехника – Талғат Сүндетовтің сүйікті ісі. Жобаға қатысып, 1 миллион теңге грант ұтты. Қазір түрлі техниканы құрастырады. Балаларға үйретеді. Болашақта адаммен тілдесетін робот ойлап таппақ. 

Жоба ауқымы кәсіпкерліктің барлық саласын қамтыған. Олардың 557-і сүт және ет өнімдері, 478-і білім беру курсы, 288-і шығармашылық үйірмесі, 275-і спорт секциясы мен фитнес клубтары, 20-і тігін шеберханасы, 175-і наубайхана мен кондитерлік өнімдерді қолға алған. 

Бұл бағдарлама - Білім және ғылым министрлігі мен Дүниежүзілік банктің бірлескен жобасы. Алдыңғы жоба қатысушыларының жұмысы сәтті аяқталса, болашақта жалғасын табуы мүмкін.

Раушан САЙЛАУҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу