Түрлі техника, ғимараттар мен ойыншықтарды қағаздан құрастыратын семейлік шебер. Оның қолынан шыққан заттар түпнұсқаның дәлме-дәл көшірмесі. Қағазбен модельдеу өнерін шебер меңгерген Александар Гукай 7 жылдың ішінде 200-ден астам макет жасаған. Қағаз және желімнің көмегімен ғана жасалған таңдай қақтырған туындыларды тілшіміз Ержан Жақып тамашалап қайтты.
Шебердің ең соңғы жұмыстарының бірі - Стамбұлдағы Сұлтан Ахмет мешітінің макеті. Бұны жасау үшін бір ай уақыт кеткен. Мешіттің әр терезесі мен есігінде жарықтар жанатын етіп істелген. Оған қоса азан шақырады.
Александр Гукай бұл өнерге бала кезінен қызыққан. Алғашында жасайтын заттарының модельдерін өзі өлшеп-пішіп құраса, кейін ғаламтор көмекке келді- дейді ол. Әдетте қағаздан жасалатын модельдер тез жыртылады. Ал Александр жасаған макеттің кез келгені мықты. Бөлшектеріне қатты картон қосады. Құрастырған қағаз көліктері қозғалады. Тіпті ұсақ-түйегіне дейін түгел ескерілген.
Ержан ЖАҚЫП