«Манас» халықаралық әуежайында қазақ Президентін қырғыз әріптесі Сооронбай Жээнбеков қарсы алды. Бұған дейін президенттер Еуразиялық экономикалық одақ пен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиттері аясында кездесіп үлгерген еді. Дегенмен, бұл - Қасым-Жомарт Тоқаевтың қырғыз еліне алғашқы мемлекеттік сапары. Алдымен қос ел басшысы «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне барды. Онда олар жазушы Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші мен қуғын-сүргін құрбандарының монументіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң Ала-арча резиденциясында Қазақстан президентінің мемлекеттік сапарына орай салтанатты қабылдау рәсімі өтті. Ресми шарадан соң қос ел басшысы екіжақты кездесуде пікір алмасып, сапардың табысты аяқталатына үміт білдірді.
Екі жақты кездесу қос елдің Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысымен жалғасты. Бұл келіссөздерден соң Қазақстан мен Қырғызстан бірнеше сала бойынша келісімге келіп, қарым-қатынас көкжиегі кеңейе түседі деп күтіліп отыр. Ал ертең қазақ басшысы Бішкекте өтетін Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысады деп жоспарланған.