Қырғауылды қорып жүрген отбасы. Түркістан маңында, Сырдарияның бойында, қалың тоғай ішінде дала құсын бағып отырған шаңырақ бар. Тұқымбақ — құрып кету алдында тұрған қырғауыл басын көбейту, қорғау мақсатында құрылған.
Мұрат Қошқарбаевтың қырғауылдарға қамқор боп жүргеніне 2 жылдан асты. Күніне бір мезгіл жем салады. Екі мезгіл суын береді.
Тұқымбақ қырғауылдың тұқымын түрлендіру үшін ғана емес, оларды қаскөйлердің «құрығынан» құтқару үшін құрылған. Тоғайдың 2 гектары сым тормен қоршалған. Ішінде 150 құс еркін жайлап жүр. Қырғауыл осындағы бұта мен шеңгелдердің түбіне тұқым салады. Жұмыртқасы тауықтікінен кіші, бөдененікінен үлкендеу.
Жапандағы жалғыз үй бір қырғауыл деп құр отырмай, төрт түлігін түлетіп отыр. Алты баласы өз алдына үй болып кетсе де, балажан Айхан ана солардың қамын ойлайды. Тынымсыз тірлік. Берекелі тұрмыс. Келіндері анда-санда келіп қолғабыс етеді. Күбі піседі. Құрт жаяды. Әйтеуір немерелердің аузы ақтан арылмайды.
Ал отағасының қырғауыл ататындармен жаны қас. Балапан шағынан өсіретіндіктен әрқайсысы қымбат. Ұлар тұқымдас бұл құстың еті — дәмді, сорпасы — ем. Сондықтан қырғауылға қырғидай тиетіндер көп. Айтуынша, бүгінде браконьерлерге жаза күшейген. Енді бір қырғауыл атқан адам бір тай берсе де құтыла алмайды.
Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ