Қостанайда алтын да өндіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда алтын да өндіріледі

05.12.2019

Алқабында астығы жайқалған Қостанай даласының қойнауынан алтын да өндіріледі. Құрамында мыс және алтын түйіршіктері бар Варварин кен орны Бейімбет Майлин ауданының аумағында орналасқан. Бұл жерде жылына 3 жарым миллион тонна кен өңделеді. Кен орнының жалпы ұзындығы 3 шақырым 200 метр. Ені 1 жарым шақырым. Аумағында жеті карьер бар. Қазір соның беруінде ғана жұмыс жүріп жатыр. Мұның тереңдігі 195 метр, соның 180 метрлік жер қыртысы құрамында мыс пен алтыны бар кеннен тұрады. Кәсіпорында 750 адам еңбек етеді. Оның 30 пайызы жергілікті тұрғындар.

Қазып алынған кен өндіріс аумағындағы фабрикаға жеткізіледі. Осы жерде алдымен алып диірмендер іргіл тастарды үгітеді. Құрамы байытылып, терең өңдеуден өтеді. Топырақтың бойындағы пайдалы металдың 85 пайызы бөлініп алынады. Бұл жақсы көрсеткіш. Жұмыс толық автоматтандырылған. Алайда желіден ақау шықпауын қадағалап отыру қажет.

Кәсіпорын тек тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, облыстың әлеуметтік саласына да үнемі қолдау көрсетеді. Биыл осы мақсатқа 547 миллион теңге бөлініпті. Осылайша, жер астының байлығын пайдаланушылар жергілікті жұртты да жарылқап отыр.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу