Тәуелсіздік күні мерекесі тұңғыш рет Люксембургта тойланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік күні мерекесі тұңғыш рет Люксембургта тойланды

05.12.2019

Тәуелсіздік күні мерекесі тұңғыш рет Люксембургта тойланды. Еліміздің Люксембургтағы елшілігі мен Қазақстанның осы мемлекеттегі құрметті консулы ресми қабылдау ұйымдастырды. Ұлы Герцоктік үкімет мүшелері, саясаткерлері мен кәсіпкерлері шарада қазақтың ән-күйімен сусындап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Люксембург — экономикасы қуатты әлемдегі ең ауқатты мемлекеттердің бірі. 600 мың халық тұратын кішкентай ғана елмен дүйім жұрт байланысты бекемдеуге бейім. Біздің ел де биыл Люксембургпен саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастарды жаңа деңгейге көтеруге барын салды.

Қазақстан үшін Люксембургтың қаржы саласындағы, спутник пен ғарышты дамыту тәжірибесін игеру маңызды. Ұлы герцоктік кәсіпкерлерін Қазақстандағы тұрақтылық пен инвестициялық мүмкіндіктер қызықтырады.

Биыл құрылған «Қазақстан-Люксембург» ынтымақтастығы қауымдастығы да екі елдің мәдени қатынасын күшейтуге ынталы. Бай мәдени мұраны, ұлттық өнерді қазақстандық жастар кеште көпшілікке паш етті.

Люксембург жұртшылығы мерекеде ұлттық тағамдардан дәм-татып, Қазақстанның көрікті жерлері бейнеленген көрмені тамашалады. Қазақстанның туристік әлеуетін жарнамалау үшін елшілік пен құрметті консулдық келер жылы туризм форумын өткізуді көздеп отыр. Сонан соң қос өкілдік Нұр-Сұлтан мен Люксембургқа тікелей қатынайтын әуе рейсін ашуға күш салмақ.

Нұрсұлу ҚАСЫМ


Хабарламаларға жазылу