Ирактан қайтарылған 14 қазақ баласы осы бейсенбіде туыстарының қамқорлығына берілмек. Жарты айға жуық Нұр-Сұлтанда оңалту орталығында болған бүлдіршіндер жаңа өмірге бейімделіп, болған жайтты ұмыта бастаған. Сұм соғыс пен түрмеден басқа ештеңе көрмеген ұл-қыздар екі аптадай бұрын «Жусанның» жалғасы «Русафа» операциясы арқылы Бағдаттан елге жеткізілген еді.
Бұл қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы. Ирактан елге оралған 14 қаракөз қазір осында оңалтудан өтіп жатыр. Туғаннан тағдыр тәлкегіне түскен бүлдіршіндер үшін мұнда барлық жағдай жасалған.
Ал тәрбишелер атыс-шабыстан әбден үркіп қалған балалардың анасына айналғандай. Төрт уақыт ыстық тамағын береді, ұйықтатады, ойнатады. Тіпті, былғанған жөргегін де ауыстырып әлек. Арапша шыққан тілдерін де қазақшалап жатыр.
14 бала аса құпия жүргізілген «Русафа» операциясы арқылы жақында Ирактан Қазақстанға қайтарылған еді. Содан бері жаңа өмірге бейімделген олар, үш күннен кейін осындағы туыстарына беріледі. Жандары жараланған бүлдіршіндерді әрі қарай бейбіт өмірге бейімдеу енді солардың қолында.
Досжан МАРАТҰЛЫ