Премьер-министр АҚШ-та бірнеше келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр АҚШ-та бірнеше келісімге қол қойды

10.12.2019
Премьер-министр АҚШ-та бірнеше келісімге қол қойды

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің АҚШ-қа жұмыс сапарында американдық агробизнес өкілдерімен Қазақстанда ет өңдеу кәсіпорындарын және суару жүйелері өндірісін ашу туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. 

Асқар Маминнің АҚШ-тағы аса ірі ет өнімдерін өндіруші - Tyson Foods компаниясының басшылығы - президенті Н. Уайтпен және директорлар кеңесінің төрағасы Д. Тайсонмен келіссөзінің нәтижесінде Қазақстанда заманауи агро-мультипротеин индустриясын дамыту бағдарламасын іске асыру туралы келісімшартқа қол қойылды.

Құжат бойынша бірінші кезеңінде ҚР-да қуаттылығы тәулігіне 2 мың мал басын қамтитын заманауи ет өңдеу кешенін салу көзделген. Кәсіпорын қазақстандық нарықтың қажеттіліктерін өтеп қана қоймай, өнімді шетел нарықтарына экспорттауға мүмкіндік береді, осылайша, елдегі жылдық ауыл шаруашылығы кірісін $1 млрд-тан астамға қамтамасыз етуге ықпалын тигізеді. 

Үкімет басшысы Арканзас штатындағы Спрингдейл қаласына және Небраска штатындағы Дакота-Сити қаласына барып, «Tyson Foods» компаниясының өндірістік қуаттылықтарымен, технологиялық процесімен және ғылыми-зерттеу жобаларымен танысты.

Омаха қаласында премьер-министр Небраска штатының губернаторы Д.П. Рикеттспен және суару жүйелері нарығындағы көшбасшы «Valmont Industries» компаниясының президенті С. Каниевскимен кездесті. 

Тараптар механикаландырылған суару, телекоммуникациялар, жаңартылатын энергетика, инфрақұрылымдық құрылыс, сондай-ақ аграрлық ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. 

Келіссөз қорытындысы бойынша Асқар Маминнің және П. Рикеттстің қатысуымен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kusto Group» қазақстандық компаниясы және «Valmont Industries» арасында Қазақстан Республикасында тиімді суару және ауыл шаруашылығындағы өнімділікті жақсарту қағидаттары туралы Келісімге қол қойылды. 

Құжат Қазақстанда 2022 жылы қуаттылығы жылына 1 мың машина форнтальді және айналма суаруды құрайтын «Valley» ирригациялық жүйелерін өндіру зауытын салуды қарастырады. Американдық ирригация технологиялары өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығындағы су шығынын 50 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. 

Бұдан әрі Қазақстандағы кәсіпорын өндірісін телекоммуникацияларға, жаңартылатын энергия мен инфрақұрылымдық құрылысқа арналған жабдықтар шығаруға дейін кеңейту жоспарланған. ҚР-да өндірілетін өнім отандық нарық қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарықтарға экспорттық әлеуетті дамытуға жол ашады. 

«Valmont Industries» озық технологияларын пайдалану өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы үшін жем-шөп базасын құруда мультипликативті әсер береді», - деді Мамин.

Премьер-министр Қазақстанның 2022 жылға қарай суармалы жерлер көлемін 1,4 миллион гектардан 2 миллион гектарға дейін, ал 2030 жылға қарай - 3 миллион гектарға дейін арттыруды көздеп отырғанын атап өтті. «Valmont Industries» бас кеңсесін аралау кезінде Үкімет басшысы кәсіпорынның өндірістік қуаттылықтарымен және технологиялық процесімен танысты.

primeminister.kz/ru


Хабарламаларға жазылу