Оралда дауға іліккен көпір мен жолдың жаңа жобасы таныстырылды. Бастапқы жоспарда өзен арқылы өткел салынып, саябақтағы 1500 терек түгел оталатын болған. Бұған тұрғындар қарсылық білдірді. Енді мың жарым емес, жабайы өскен 600 терек қана оталады дейді жобалаушылар. Орнына одан 5 есе артық ағаш егіледі. Алайда кезекті қоғамдық тыңдау тағы да айқай-шумен өтті. Көпшілік пікірі екіге жарылды. Айта кетерлігі, көпір салынбаса, өзеннің арғы бетіндегі 120 мың халықтың жол мен қатынас мәселесі шешілмейді. Ал құрылыс басталса, халық орталыққа қазіргідей 1 сағат емес, 15 минутта жете алады. Сондықтан жергілікті билік 4 шақырымдық жол мен көпір салуды жоспарлап отыр. Қоғамдық тыңдаудағы барлық ұсыныс-пікір енді қалалық қоғамдық кеңеске жолданып, шешім шығарылмақ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ