Бүгін Елордада еріктілердің форумы басталды. ЭКСПО қалашығында өткен ауқымды шараға еліміздің әр өңірінен мыңнан астам ерікті келді. Бәрінің мақсаты — біреу. Ол — Қазақстанда еріктілер қозғалысына жаппай сипат беру. Екі күнге жалғасатын форум барысында қызықты шеберлік сағаттары, кездесулер ұйымдастырылмақ.
Ерікті болу еріккенің ісі емес. Жаны жабырқаған адамның жанынан керек кезде табылып, қол ұшын созу жүрегі жылы жандардың қолынан ғана келетін игі іс. Бүгінгі форумның басты ұраны – «Жылы жүрек» деп аталуы да осыдан болар. Басқосуға келген жас делегеттардың әрқайсысы өз саласының үздігі. Біреуі жоғалып кеткен адамды іздеген. Екіншісі қарияларға, балаларға көмек көрсеткен. Кейбірі су тасқыны кезінде жанкештілік танытқан.
Көбіне еріктілердің еңбегі еленбей, тасада қалып жатады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүтін бір жылды Еріктілер жылы деп жариялауы осы жастардың еңсесін тіктеп тастады. Түрлі тақырып бойынша өткен сессиялар кезінде халықаралық деңгейде танылған еріктілер өз білген-түйгенімен бөлісті.
Әлбетте, басқаға қуаныш сыйлай білу - үлкен бақыт. Бұл еріктілерді алға жетелейтін негізгі күш. Ал осындай форумдар елдегі еріктілер қозғалысының қарқынды дамуына берік платформа болады дегенге сенім мол. Жастардың ортақ пікірі осыған келіп саяды.
Ғабит БӨКЕНБАЙ