«Тәуелсіздік – тұғырым» атты челлендж өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тәуелсіздік – тұғырым» атты челлендж өтіп жатыр

11.12.2019

Павлодарда «Тәуелсіздік – тұғырым» атты челлендж өтіп жатыр. Алғашқыда бұл шараны аймақтағы оқу орындары, кәсіпорындар мен түрлі ұжымдар іліп әкетсе, енді еліміздің әр өңірінде қолдау тауып отыр.  Челленджді өткізуге ұйытқы болған жастар отанды сүю, елін мақтаныш қылу, ұлтқа қызмет етуге шақыратын «Мен Қазақпын» әнін орындау – әр азаматтың міндеті екендігін айтады. 

«Тәуелсіздік – тұғырым»  атты челленжге күніне ондаған ұжым үн қосады. Тіпті, алыс ауылдарда тұратын ұлтжанды азаматтар көрші-қолаңның басын қосып, әлеуметтік желі арқылы қолдап жатыр.

 «Мен Қазақпын» ерекше тебіреніспен шырқалатын ән. Өлең сөздері әр адамның бойында мақтаныш сезімін оятып, жігер береді. Сондықтан осы әнді таңдап алғандығын айтады ұйымдастырушылар.

Бүгінгі ұрпақтың рухын жаныған тамаша әнді, тіпті балабақшадағы кішкентайлар да бар ынта- ықыласымен орындауда. Әуелеген әнмен қоса, олар отанға деген сүйіспеншіліктерін қылқаламның көмегімен қағаз бетіне түсірген.

Ал аймақтағы жоғары оқу орындарының бірі ән авторларының бірі, жас композитор Жарасхан Төлебайға арнайы шақыру жолдады.

Патриоттық шараны еліміздің Оңтүстік, Батыс және Шығыс өңірлері де қолдап жатыр.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу