Заң бұзған тәртіп сақшылары мен олардың басшылары қатаң жазаланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Заң бұзған тәртіп сақшылары мен олардың басшылары қатаң жазаланады

12.12.2019
Заң бұзған тәртіп сақшылары мен олардың басшылары қатаң жазаланады

Ішкі істер министрі ведомство бөлімшелерінің басшыларымен кездесу өткізіп, заң бұзған тәртіп сақшылары қатаң жазаланатынын айтты. Сондай-ақ, тәртіп бұзушылар ғана емес, олардың басшыларына да шаралар қолданылатынын жеткізді. Бұл туралы ІІМ-нің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінде полиция қызметкерлерінің қатарында өздерінің қызметтік борышын адал атқарып жүргендер аз емес. Тәуелсіздік алғаннан бері 1500-ге жуық қызметкер мемлекеттік наградаларға ие болып, оның 131-і қызмет барысында қаза тапқан. Алайда тәртіп пен азаматтардың құқықтарын бұзып, сыбайлас жемқорлыққа барған полицейлер де бар. Осы олқылықтарды жою үшін министрлік тәртіп бұзушылар мен олардың басшыларына қатаң шаралар қолданып келді. Ерлан Тұрғымбаев алдағы уақытта да солай болатынын шегелеп айтты.

«ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне кінәлі қызметкерлерді қатаң тәртіптік жауапкершілікке тарту жөнінде нақты тапсырма беремін. Бөлімшелердегі заңдылық пен тәртіп - олардың басшылығының міндеті. Біз кінәлілердің ешбіріне көз жұма қарамаймыз және аямаймыз!», - деді министр.

Бұған дейін хабарланғандай, ІІМ-де сыбайлас жемқорлық орын алған кезде қызметкерлердің тікелей басшыларын жеке жауапкершілікке тарту принципі енгізілген.

Сонымен қатар, кадрлық өзгерістер мен аттестаттау комиссиясының қорытындысы бойынша ағымдағы жылы орталық аппарат және өңірлік департамент қызметтерінің басшылық құрамы 60%-ға жаңартылды. 

Хабарламаларға жазылу