«Қазақстан» телеарнасы ойраттардың қалың қолын ойсырата жеңген «Орбұлақ шайқасы» телехикаясын таныстырды. Бұл оқиғаны тарихшылар «әлемдік соғыс өнерінің жылнамасына енуге лайық»,-деп бағалап отыр. Себебі 50 мың жауға 600 әскермен төтеп беру тек ерен ерлік пен ұрыс тактикасын терең меңгеруді талап етеді.
Таныстырылым алдындағы толғанысты сәт. Телерадио кешен төрайымы мен режиссердің уайымы ортақ. Оның себебі де түсінікті. «Орбұлақ» шайқасын шынайы ашып, бабалар тапқырлығын көрсете білу – үлкен жүк. Көркем дүние белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеевпен кеңесілді. Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында 3 айдан артық түсірілді. Актерлер елдегі түгелдерлік театрдан іріктелген.
Ұрыс 1643 жылы Жәңгір сұлтан мен жоңғар ханы Батыр Қонтайшы арасында өтті. Сонымен 600 қазақ сарбазы 50 мың қалмақтың бетін қайтарған «Орбұлақ» шайқасының құпиясы не?
Оразкүл Асанғазықызы, қоғам қайраткері:
Өсімдікті де, малды да, тауды да, жықпылды да пайдалана білген. Мынау фильмді түсірген азаматтар сондай ұлыларымыздың, ата бабаларымыздың жерді меңгеріп, өсімдікті меңгеріп, оны ұрысқа пайдалана алғаны өте дұрыс көрсеткен. Сондықтан маған осы жері өте ұнады.
Иә, бабаларымыз табиғатпен үндесе білді. Сөйтіп жорықтың тың тәсілін ойластырды. Улы шөппен түтінге бөктіру арқылы біраз жауды жайратты. Ал жараланған қазақ жауынгерлерін өсімдікпен емдеді. Сондай-ақ ор қазып соғысуды алғаш Салқам Жәңгір енгізген. Ұңғыл және білтелі мылтық та сол кезден бастап қолданылды. Осының бәрі өзімізге мәртебе, өзгеге үлгі болуы тиіс.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Бұл тек еліміз үшін ғана емес, шетелге де елдігімізді, дәстүрімізді танытатын жақсы нысандардың бір бөлігі деп есептейміз. Осындай керемет жобаны ұсынып жатырмыз.
Бұл сериал ұлттық арнаның тарихты түгендеу ісіне қосқан кезекті сүбелі үлесі. Бұған дейін 14 тарихи телехикая түсіріліп, көрерменге ой салды. Енді ұлы тұлғалар Абай мен әл-Фарабидің дара сүрлеуі суреттелмек.
Ләззат Танысбай, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының басқарма төрайымы:
Тарихымыз үшін, ұлтымыз үшін осындай маңызды оқиғаның біздің болашақ ұрпақтарымыздың есінде мәңгі қалуы үшін ұлттық арнаның жасап отырған бір үлесі деп өзіміз бағалап отырмыз.
Телехикая 8 бөлімнен тұрады. Әр сериясы өткеннен сыр шертеді. Сол себепті арнаның Тәуелсіздікке тартуын 16-17 желтоқсанда сағат 14:50-де көріңіздер.
Нысаналы ЫҒЫЛ