Тәуелсіздік күні мерекесінің құрметіне Қазақстанның Түркиядағы елшілігі салтанатты қабылдау өткізді. Осы елдің екі ірі қаласы Анкара мен Стамбулда өткен шараға Түркияның үкімет мүшелері, белді саясаткерлер, ірі инвесторлар мен дипломатиялық корпус өкілдері келді. Бұдан бөлек, Түркияда тұратын қандастарымыздың барлығы дерлік азаттық күні мерекесін атап өту үшін осы шарада бас қосты.
Түркияда тұратын қазақтар жылына екі рет тайлы-тұяғы қалмай түгел жиналады. Оның бірі — Наурыз мерекесінде, екінші — Қазақ елі азат атанған осы Тәуелсіздік күнінде. Биыл да осы дәстүрден жаңылмай Қазақстан елшілігі ұйымдастырған шараға осы елде тұратын, жұмыс істейтін және оқитын қазақтардың барлығы дерлік жиылды. Қонақтарға қазақтың салт дәстүрлері таныстырылып, ұлттық тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ Қазақстаннан арнайы келген ұлт аспаптар оркестрінің өнері шетелдіктерді бей-жай қалдырмады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шараның тағы бір ерекшелігі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркия атынан арнайы сыйлық табысталды.
Стамбулдағы салтанатты қабылдауға да халық көп жиналды. Саясаткерлер, дипломаттар, кәсіпкерлермен қатар, бауырлас елді құттықтауға Ыстамбул қаласының мэрі Екрем Имамоғлу да арнайы келді.
Салтанатты шара Тәуелсіздік күніне орай біздің арнаның ұжымы жасап, аз уақытта әлеуметтік желіде тез таралған «Мен қазақпын» флеш мобымен аяқталды. Атажұртынан жырақта жүрген жүздеген қаракөз орындарынан тік тұрып «Мен қазақпын» деп ән салғанда Ыстамбулдың аспаны да қосыла шырқап тұрғандай болды.
Айдос ӘШІМҰЛЫ