Мектеп директорлары ротациялық тәсіл арқылы ауыстырылатын болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп директорлары ротациялық тәсіл арқылы ауыстырылатын болады

19.12.2019
Мектеп директорлары ротациялық тәсіл арқылы ауыстырылатын болады

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстырды.

«Тегін кәсіби техникалық білім бағдарламасымен жыл сайын 100 мың студентті қамтитын боламыз. Колледж студенттерін жұмысқа орналастыру көрсеткіш 60-тан 75 пайызға дейін жететін болады. Жоғары білім бағдарламаларын кәсіби стандарттарға негіздеп, 100 пайыз жаңарту міндеті тұр. Шетел студенттерінің саны жалпы контигенттің 10 пайызын құрайтын болады. Білім гранттарын орташа алғанда 340-420  мыңнан 900 мың теңгеге дейін өсіру арқылы профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеру, университеттердің материалдық базасын жақсарту қарастырылып отыр. 2011 жылдан бастап грант құны жалпы өзгермеген. Осыған бюджеттен 244 млн теңге қарастырылды».

Оның айтуынша, «10 университетте академиялық басымдық орталықтарын құру үшін 21 млрд теңге бөлініп, 10 университет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кіретін болады».

Бұған қоса, «ҰБТ тапсыру электронды форматқа көшіріледі. Гранттардың бірнеше түрі енгізіліп, жоғары оқу орнының қолжетімділігі, ашықтығы қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар 2025 жылға дейін 90 мың орынға арналған жатақхана салынады. Осы университеттер бойынша біз қосымша талап қойып, оның санын әлдеқайда азайтып, материалдық базасын нығайтамыз»,— деді министр.

«Білім беруді басқару, қаржыландыру— өте өзекті проблемалардың бірі. Осыған орай 2021 жылдан бастап аудандық білім бөлімдерін басқару облыстық деңгейге ауысады».

Сонымен қатар министр кейінгі кездері білім беру мекемелерінің басшыларын тағайындау тәртібіне қатысты сұрақтар көбейіп отырғанын айтты. «Мысалы бірқатар ұйым басшысы 20 жылдан астам уақыттан бері бір орында жұмыс атқаруда. Сондықтан балабақша, мектеп, колледж директорларын жаңа жүйеде тағайындайтын боламыз. Оған қоса, алдағы уақытта ротациялау арқылы ауыстыру жүйесін де қолданамыз. Заманауи талаптарға сәйкес дербес басқарудан корпоративті басқаруға білім саласы да көшетін болады», — деді ол.

Хабарламаларға жазылу