2025 жылға қарай білім мен ғылымға жұмсалатын шығындар Қазақстанның ЖІӨ-нің 7 пайызға дейін өседі. Үкіметте Асқар Маминнің төрағалығымен өткен отырыста Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деді. Жаңа бағдарлама білім беру саласын түбегейлі өзгертуге бағытталған. Бұдан бөлек, денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекіді.
Асқар Мамин үкіметі бүгін жаңа министрмен толықты. Премьер ең алдымен Атыраудан түнде ұшып келген әріптесін орнынан тұрғызып, көпшілікке таныстырды.
Үкіметте екі мәселе қаралды. Олар: «2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы» мен «білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасы». Алдымен мінберге шыққан Асхат Аймағамбетов 2 жыл ішінде елдегі барлық мектеп бейнебақылаумен жабдықталатынын айтты. Әрі үш ауысымды мектеп пен балабақша кезегі деген болашақта болмайды дегенге сенімді. Бірақ бұның бәрі бүгін-ертең емес, алдағы 5 жылдың еншісіндегі дүние екенін еске саламын.
Министр Біртановтың мәліметінше, қазақстандықтардың саулығына
кері әсер етіп тұрған үш індет - темекі, алкоголь және тұз. Осы үшеуін азайтып,
спортқа бет бұрсақ, біздің еліміздегі өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізуге
болады. Сан тараудан құралған «2020-25 жылдарға арналған бағдарламаға 2,8 триллион
теңге бөлінбек. Оның 2,2 триллионы жеке инвестиция. Осы қаражатқа 431 денсаулық сақтау
нысаны салынады. Бұл емдеу орындарын 50 пайызға ұлғайтпақ.
Нұрлан Ноғаевтың Есілдің сол жағалауына қоныс аударуы көпшілік
үшін күтпеген жаңалық болғаны рас. Алғашқы жұмыс күніне қарамастан, министрді
журналисттер қаумалап алды.
Нұрлан Ноғаев ырымшыл болмай шықты. Жаңа министр бұрын Қанат
Бозымбаев отырған креслоны да, қазір министірлікте жұмыс істеп жатқан команданы
да ауыстырмайтынын айтып, уәде берді.
Ғабит БӨКЕНБАЙ