Түркістан облысында газ құю бекетін тонаған қылмыстық топ ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында газ құю бекетін тонаған қылмыстық топ ұсталды

23.12.2019
Түркістан облысында газ құю бекетін тонаған қылмыстық топ ұсталды

Келес ауданында газ құю бекетін тонаған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Келес АПБ-не ауданға қарасты ауылдың бірінде орналасқан газ құю бекетінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғын арызданды. Тасжол бойындағы бекетке таңғы 04:00-дер шамасында белгісіз азаматтар келіп, оған газ құйып беруге шығуын өтінген. Ал ол шыққан сәтте әлгі жігіттердің бірі басынан белгісіз затпен ұрып, құлатады. Келесі біреуі кассадағы ақшаны беруді талап етеді. Алайда кассада ақша жоқтығын көрген күдіктілер жәбірленушінің қалтасындағы құны 70 мың теңге тұратын ұялы телефонын тартып алып, көліктеріне мініп, Жетісай ауданы бағытына қарай кеткен. 

Полицейлер жедел іздестіру барысында бейнебақылау камерасына түсіп қалған күдіктілердің көлігін анықтап, Шымкент қаласынан осы іске қатысты 4 адамды ұстады. Олар сол қаланың тұрғындары болып шықты. Күдіктілерден жәбірленушінің ұялы телефоны айғақзат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Тергеу барысында күдіктілер газ құю бекетін тонағаннан жарты сағат бұрын 30 шақырым қашықтықта орналасқан жанар-жағар май бекетінен жанармай толтырып құйдырып алып, ақшасын төлемей кеткен.. 

Қазір олардың Шымкент қаласындағы өзге де осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

inform.kz

Хабарламаларға жазылу