Оралда 200-ден астам білім беру қызметкері жұмыстан қысқартылмақ. Дені – мектеп есепшілері мен техникалық мамандар. Басты себеп – келер жылдан бастап өңірде «Білім-сервис» мекемесі құрылады. Жұмыстан шығарылғандар сонда орналастырылмақ. Алайда бәрі емес. Тек 60-ы. Басқалары қайтпек?
Ойда жоқта жұмыссыз қалған оралдықтар сергелдеңге түсті. Ұзын саны 226 қызметкерге жаңа жылдан бастап қысқартылатыны туралы ескерту берілген. Бұл тізімде тек есепшілер емес, экономист, сантехник, электрик, шаруашылық меңгерушісі секілді мамандар бар. Бар гәп «Білім-сервис» атты жаңа мекеме ашылуында.Бүкіл қызмет бір жерден басқарылмақ.
Бірінің жасы зейнеткерлікке таяса, екіншісінің мойнында несиесі бар, тағы бірі көпбалалы. «Құқығымызды қорғар» деп тегіс кәсіподаққа жүгінді.
Қаладағы 51 мектепте 140 есепші жұмыс істейді. Олардың тек 55-і «Білім-сервис» мекемесіне жұмысқа орналаспақ. Басқаларын да «далада қалдырмаймыз» деп уәде беріп отыр әкімдік.
Жаңа мекеме құрудағы мақсат – жемқорлықтың алдын алу, қаражат үнемдеу екендігін айтады жергілікті билік. Есеп және техникалық қызметті бір жерден басқарып, 180 миллион теңгені қазынада қалдыру.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Келешекте барлық өңір осындай жүйеге көшеді деген жоспар бар екен. Бірақ әлі шикі, түбегейлі құрылып болмаған мекемені жалпақ жұртқа жариялап, елді дүрліктіру кімге керек болды? Жаңа жыл қарсаңында бұл жаңалық көптің көңілін күпті етті. Әзірге мәселе шешімін тапқан жоқ. Жауапты мамандар қаңтарда қайта бас қоспақ.
Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ