Twitter әлеуметтік желісі өз платформасында анимациялық PNG файлдарды бұғаттады. Мұндай шешім Epilepsy Foundation аккаунтына осындай суреттермен шабуыл жасалғаннан кейін қабылданып отыр. Өйткені бұл суреттер эпилепсия ұстамасын туғызуы мүмкін.
Twitter сервисі осы орайда тағы бір осал тұсын тапқан. Қолданушылар бір хабарламаға бірнеше APNG форматындағы файлдарды жүктей алатыны анықталды.
«Сервис әкімшілігі жазбаларға бұл форматтағы суреттерді жүктеу мүмкіндігін алып тастады. Ол эпилепсияға шалдыққан, сезімтал адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр», деп хабарлады компания өкілдері.
Ал APNG форматындағы суреттермен жарияланған бұрынғы хабарламалар өшірілмейді. Тек қолданушылар болашақта GIF-анимациялармен ғана жұмыс істей алады.