Кеше елімізде Аза тұту күні болды. Жұмада Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырағаны мәлім.
34 жастағы Абай Нұрбеков электрик болып жұмыс істеген. Көршісінің айтуынша, отбасымен Арқалықтағы ата-анасына бару үшін бәрінен үнемдеп, біраз уақыт ақша жинаған. 27 желтоқсанда әйелі Нағима, 12 жастағы Мәриям, 10–дағы Әділ, 8-дегі Әли және үш жастағы Адинаны алып жолға шыққан. Қазір балалары мен жұбайы ауруханада. Ал Абай балаларын, әйелін тастап, мәңгілік мекенге кетіп қалды. Үй шаруасындағы Нағима енді не істейді?
«Bek Air»-дің ескі ұшақтарды пайдаланатыны бұған дейін айтылмап па еді? Осыдан үш жыл бұрын әуе компаниясының Азаматтық авиация комитетімен айтысқаны есте. Әуе транспорты халықаралық ассоциацияның қауіпсіздіктің өндірістік аудитінің сертификатын алудан қашқан-ды. Авиация комитеті ондай сертификат барлық авиакомпанияда болуы керектігі жөнінде талап қойған. Сол кезде «Bek Air» компаниясы бұл міндетті негізсіз деп, байбалам салған. «Сертификат 1,5 млн доллар тұрады, оның соңы билет қымбаттатуға апарады» дей келе, онсыз да жолаушыларының көптігіне іші күйіп жатқандар барын айтқан. Тіпті Альберт Джазыбаев есімді заңгері: «әуе компаниясы ұшырылымдарының қауіпсіздігі сертификатсыз-ақ жоғары деңгейде», - деп еді.
«Аудитті 10 рет өтуге дайынбыз. Бірақ біз шетелдіктерге тәуелді болғымыз келмейді. Мәселе ақшада емес, бәрі заң аясында болуы керек. Бізді шетелдік ұйым емес, мемлекеттік орган тексеруі керек», - деген сөзін журналистер ұмытқан жоқ.
Авиациялық комитет төрағасының орынбасары болған Тоты Әмірованың бастамалары мен талаптарына орай бітпейтін «мылтықыз майдан» жүргенін де білеміз. Сертификат туралы талабын да небір белсенділер жоққа шығарған, тіпті «Атамекен» ұлттық палатасы да сөйткен.
Ал енді сел жүріп өткеннен кейін судың астында жатқан қоқыстың шығатыны сияқты бәрі шығып, кімнің не айтқаны бірден сап етіп еске түсіп жатыр. Жаздың басында Тоты Әмірова қызметінен алынғанда әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазған: «Бұл бассыздық «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» деген жаңа құрылым құрғанымызға байланысты. Онда авиацияның кәсіби мамандары жұмыс істеуі керек. Ал қазір жақсы айлық үшін тағы да құс фабрикалары, басқа да салалардан шыққан «авиамамандар» ұмтылып жатыр. Олар басшылық үшін ыңғайлы және сұрағанның бәріне қол қоя береді. Мен адал жұмыс істегенімді және мемлекеттің меншігін ұрлауға жол бермегенімді және арым таза екенін айта аламын».
Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне тамыз айында Ұлыбританияның транспорт министрлігінде қызмет атқарған П.Гриффитс тағайындалғаны мәлім. Оның жауырды жаба тоқымайтыны медет.
«Bek Air»-ге қайта оралсақ, «ұшырылымдар жоғары деңгейде» деп айтқан 2016 жылы Қызылордадан ел астанасына ұшқан ұшақ алдыңғы шассисіз зорға қонып, 116 жолаушы мен экипаждың 5 мүшесі құдай сақтап, ұшқыштардың шеберлігінің арқасында аман қалған. Бірінші пилот Д.Родин қаһарман атағын алған. Кейін бортмеханика жұмысынан проблема табылған. Ал былтыр 3 төтенше жағдай болған. Неден болғанын қайталап оқып отырсақ, бәрі де ұшақ ақауларына байланысты.
«Bek Air» ұшағында «құлқуалламды» күбірлеп отырамын деп ащы әзілдеп жүргенде жұмада шын жылап қалдық. Әуе компаниясының 1998 жылы өндірістен алынған нидерландтық орта қашықтыққа ұшатын Fokker-100 лайнерлерін пайдаланатыны, оның қосалқы бөлшектерін тиісті зауыттардың жабылып қалуына орай табу қиын екені дүркін-дүркін көтерілетін.