Волонтер жылы қайырымдылықпен басталды. Елордада 4 баланы бір өзі асырап отырған әке баспаналы болды. Қайырымды азамат бас қаланың төрінен отбасына бір бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Әрі қайырымдылық эстафетасын басқа да әріптес-кәсіпкерлерге жолдады.
Мұндай хабарды күтпеген Нұрлан әу баста абдырап қалды. 4 баласын жалғыз асырап отырған әке баспана тапшылығын ұзақ көріп келді. Енді міне Елорданың төрінен бір бөлмелі пәтердің кілтін қолына алды. Тегін. Қуаныштан қобалжып ойын толық жеткізе алмады.
Ал балалары баспанаға алдымен анасының суретін алып келіпті. Үйдегі ең қымбат зат осы екенін айтады.
Нұрланның жары осыдан үш жыл бұрын ауыр дерттен көз жұмған. Содан бері 4 баласын бір өзі бағып-қағып отыр. Үлкені 12-де, кішісі 6-ға толады. Қаланың іргесіндегі ауылда қуықтай бөлмені жалдап келді. Тағдырдың тауқыметін тартса да, балаларына білдірген емес.
Қомақты қаржысын құйып, отбасыға қуаныш сыйлаған азамат Көңілбай Шүкенов волонтер жылын қайырымдылықпен бастауды жөн көріпті.
Әрі ол басқа да жомарт жандарды жақсылық жасауға шақырып, игі бастама көтерді.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ